Қазақстандықтарға жұбайының келісімінсіз несие алуға тыйым салынуы мүмкін
Жарияланған күні:
Парламенттің жұмыс тобы 18 наурызда өткен отырыста осындай тыйым қарастырылған заң жобасын талқылады. NUR.KZ журналистері Қазақстанда бұл заңның қабылдануы қандай қауіп-қатер мен пайда әкелетінін сараптап көрді.
Қазақстанның заңшығарушылары халықтың қарыз ауыртпалығына қарсы шараларды белсенді түрде қабылдап жатыр. Мәселен, елде қазірдің өзінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бар, бұл азаматтарға шамадан тыс қарыз жүктемесінен құтылуға мүмкіндік береді.
"Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының авторлары қазақстандықтарға несие жүктемесін жаңа тәселмен реттеуді ұсынып отыр. Жобада бір норма қарастырылған, ол бойынша қазақстандықтар жұбайының келісімінсіз өз атына несие ала алмайды.
Жоба 6 наурызда бірінші оқылымда мақұлданды, ал 18 наурызда парламенттің жұмыс тобы түзетулер пакетін талқылады. Заң қабылданса, бұл нормалар 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Маңызды түзетулердің бірінде былай деп жазылған: Банкке, банктік операциялардың жекелеген түрлерін іске асыратын ұйымдарға жеке тұлғаға күйеуінің (әйелінің) келісімінсіз банктік қарыз беруге тыйым салынады, келісімді қажет ететін несиені алу тәртібі мен банктік қарыздың минималды мөлшері уәкілетті органның нормативті құқықтық актілерімен белгіленеді.
Осылайша, іс жүзінде қарым-қатынаста болуына немесе ажырасу сатысында тұрғанына қарамастан, некедегі қазақстандықтар несие мәселесін бірлесіп шешуі қажет болады.
Біз бұл жаңашылдық қазақстандықтарға қандай қауіп төндіретінін болжап көруге тырыстық.
Ең алдымен, бұл некедегі адамдарды тек бірлесіп шешім қабылдауға итермелейді.
Бұл ретте әр түрлі жағдай болуы мүмкін. Ерлі-зайыптылар қатты жанжалдасып жүрген болуы мүмкін, мұндай жағдайда ақша емге, оқуға немесе басқа да маңызды қажеттіліктерге қажет болған күннің өзінде де ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне несие алуға тыйым салуы мүмкін.
Бұдан бөлек форс-мажор жағдайлар туындауы мүмкін. Мәселен, ерлі-зайыптылардың бірі күрделі ем қабылдап жатуы мүмкін, ол ауруханада жатып, несие рәсімдеуге физикалық түрде келісім бере алмауы мүмкін. Бұл жағдайда науқастың жұбайы жағдайға тәуелді болады және ақша жалпы отбасылық қажеттіліктерге қажет болса да, қажет соманы несиеге ала алмайды.
Заң жобасы қазақстандық банктерге белгілі бір шектеулер қояды, өйткені егер банк қарыз алушыға жұбайының келісімінсіз несие берсе, онда қаржы ұйымы жеке тұлғадан мұндай банктік қарыз бойынша міндеттемелерді орындауды талап етуге құқығы жоқ.
Тиісінше, банктер де клиенттердің деректерін және ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексеру бойынша шаралар қабылдауы қажет болады.
Бұл норманың артықшылығы, заң жобасы авторларының пікірінше, қазақстандықтарды өзінің бастамасымен туындамаған қарыз жүктемесінен қорғау болып саналады.
Мәселен, көбіне лудоманияның зардабын шегіп жүрген адамдардың отбасы ерлі-зайыптылардың бірінің кесірінен қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Ойынға тәуелді адам несие алып, оны қайтармай, қарыз міндеттемесін жұбайына арта салуы мүмкін.
Жұбайының келісімінсіз несие алуға тыйым салу қазақстандықтарды қаржылық пирамидаға қатысудан да сақтай алады. Ерлі-зайыптылардың бірі көп табыс табудан үміттеніп, пирамидаға қомақты сома салғысы келуі мүмкін. Сол үшін ол несие алғысы келеді, бірақ жұбайы мұндай бастамаға қарсы болса, несие ала алмайды.
Сондай-ақ қоғамда сақталып келе жатқан тенденцияларды да ескерген жөн. Еліміздің тұрғындары некеге тұруды сирете бастаған. Жақында Қазақстанда жаңа некелер саны антирекорд орнатты. Data Hub сарапшыларының айтуынша, соңғы 19 жылда тіркелген некелердің санынан азайып кеткен.
Ал ажырасулар саны артып келеді, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан ажырасулар саны бойынша ТОП 20 елдің қатарына енді. Көбінесе қазақтар ішімдікке салыну, нашақорлық, ерлі-зайыптылардың бірінің құмар ойындарға әуестігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, опасыздық салдарынан ажырасып жатады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2070996-qazaqstandyqtarga-zubaiynyn-kelisiminsiz-nesie-aluga-tyiym-salynuy-mumkin/