Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тағы бір сәтсіз әрекет": сарапшылар Қазақстандағы шетелдік көліктерге бензин бағасының қымбаттауына пікір білдірді

Жарияланған күні:

Көлікке бензин құю
Көлікке бензин құю: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Жанармай бағасын көтерудің жаңа шаралары оның басқа елдерге заңсыз экспортталуының алдын алуы керек. Дегенмен мұның әсері аз болуы мүмкін. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Қазақстанда жанармай құны ЕАЭО-ның басқа елдерімен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр, ал бұл "сұр" экспорт қаупін тудыруы мүмкін.

Сондықтан бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы жанармай теңгерімін сақтау мақсатында бензин мен дизельдің бағасын түзету жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.

Осылайша, бұйрық жобасы келесілерді болжайды:

  • АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин – бағасы литріне 245 теңге болып белгіленеді, алайда ҚР-да берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейін баға өзгеріссіз қалады – литріне 205 теңге;
  • дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – бағасы литріне 315 теңгені құрайды, бірақ қазақстандық жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде күніне 100 литрге дейін литрін 295 теңгеден сатып алуға болады.

Дегенмен сарапшылардың пікірінше, бұл шаралардың әсері аз болуы мүмкін.

Жаңа шаралар отын ағынына әсер ете ме

Tengenomika Telegram-арнасының сарапшыларының пікірінше, көрші елдермен баға айырмашылығы Қазақстанда жыл сайын дерлік жанармай тапшылығына әкеліп соғады. Ал мұнай өнімдерінің "сұр" экспортымен күресу үшін енгізілген түрлі шектеу – бос әурешілік.

"Біздің ойымызша, Энергетика министрлігінің арзан қазақстандық жанармайдың басқа нарықтарға өтіп кетуімен күресудегі тағы бір сәтсіз әрекеті...

Біздің ойымызша, "сұр" экспортпен және жүйелі құбылысқа айналған тапшылықтың туындауымен күресу үшін осындай механизмдерді енгізу – қате шешім... Сондай-ақ шетелдіктер үшін сараланған бағаларды енгізу одан да көп сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және жанар-жағармай сатып алу үшін қазақстандық төлқұжатты пайдалану жағдайларын тудырады", - деп атап өтті сарапшылар.

Дизель отыны.
Дизель отыны. Көрнекі сурет: Гарри Лангер/DeFodi Images/Getty Images

Осындай пікірді ENERGY MONITOR Telegram-арнасының сарапшылары да білдірді. Олардың есебіне сәйкес, елдер арасындағы бензин бағасының 100 теңге айырмашылығы оны Қазақстаннан сатып алып, көліктердің жанармай бактарында тасымалдап, шекарадан өткізіп жіберуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ олар ағынның себептері арасында ағымдағы шаралар әсер етпейтін "сұр" экспорттың басқа түрлері бар екенін атап өтті.

"Тәулігіне 100 литр бензинді арзандатылған бағамен сатуды шектеу, әрине, делдалдардың бизнесін шектеуі керек, бірақ бәрібір бұл жанар-жағармайды теміржол цистерналарымен заңсыз тасымалдау мәселесін шеше алмайды", - деп есептейді ENERGY MONITOR.

Проблеманы қалай шешуге болады?

Tengenomika сарапшыларының пікірінше, көрші елдерге жанармай ағыны мен ішкі нарықтағы тапшылыққа қатысты қалыптасқан жағдайды шешу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет.

"Біріншісі – ішкі нарықты шекара арқылы жанар-жағармай ағынынан толығымен жабу немесе көрші елдермен бағаны теңестіру, бұл Қазақстаннан үлкен көлемдегі жанармай экспортын түкке тұрғысыз етеді. Алайда біздің үкімет экспортқа толық тыйым сала алмайтын сияқты, сондықтан шетелдіктер үшін бағаны көтеруге шешім қабылдады.

Екінші шешім, ауыр болса да, қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында болып жатқандай, бағаны көтеру туралы шешім қабылдау – ЖЭС -тағы апаттар сияқты алаңдатарлық ауқымдағы жанармай тапшылығын талап етуі мүмкін", - дейді сарапшылар.

Өз кезегінде ENERGY MONITOR жанар-жағармай бағасын көршілес елдердің нарығына сәйкестендіру үшін мемлекеттік реттеуді алып тастау дұрыс шешім деп санайды. Дегенмен, олардың пікірінше, әзірге әлеуметтік фактор маңыздырақ.

Бұған дейін сарапшы Қазақстанда жанармай тапшылығы қашан аяқталатынын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2084765-tagy-bir-satsiz-areket-sarapsylar-qazaqstandagy-seteldik-kolikterge-benzin-bagasynyn-koterilui-turaly/