Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге алаяқтар қандай "төлемақы" уәде береді

Жарияланған күні:

Алаяқ
Алаяқ. Көрнекі сурет: seksan Mongkhonkhamsao/Getty Images

Табиғи апаттың атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарға төлемақы берілетінін айтып, алдап жатыр. Шындығында, олардың басты мақсаты – азаматтардың жеке деректерін алу. Мұның мән-жайын KAZ.NUR.KZ анықтап білді.

Қазақстандағы су тасқынынан мыңдаған азамат зардап шекті. Алайда "жығылғанға жұдырық" дегендей, алаяқтар төтенше жағдайды пайдалануды шешті. Олар интернетте зардап шеккен қазақстандықтар алатын "төлемдер" туралы ақпарат тарата бастады.

FinGramota медиа-порталы алаяқтардың: "Төлем алу үшін ЖСН-ді тексеріңіз", "3 миллион теңгеге дейін өтемақы алу үшін сілтемені басыңыз", "Мемлекеттен жәрдемақыны тезірек алыңыз" деген мәтіндегі хабарламалар таратып жатқанын айтады. Шын мәнінде, бұл – тұзақ, олардың мақсаты – пайдаланушылардың жеке деректерін алу.

Қылмыскерлер жалған жарнамаларды сенімді етіп көрсету үшін қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атын пайдаланады.

Мысалы, жақында Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілерінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Халық банкімен" бірлесіп, 3 млн теңгеге дейін өтемақы төлегені туралы хабарламалар жарияланды. Сондай-ақ Қаржы министрлігінің 150 мың теңге көлеміндегі төлемдер туралы жаңа қаулысының шыққаны туралы да хабарлады.

Зардап шеккендерге арналған жалған төлемдер
Зардап шеккендерге арналған жалған төлемдер. Скриншот: FinGramota

Сенімдірек болуы үшін мұндай жазбалардың астына алаяқтар боттардың көмегімен "өтем алғаны үшін" алғыс білдіретін пікірлер қалдырады және басқа азаматтарды да өтініш беруге шақырады.

Мұндай сайтқа кіргеннен кейін қазақстандықтан ақша алу үшін тіркелу сұралады. Ал ол үшін ЖСН, банк картасының деректемелері, SMS хабарлама сияқты жеке деректерді енгізу қажет.

Әрине, пайдаланушы ешқандай өтемақы алмайды, бірақ шабуылдаушылар оның банк картасынан барлық қаражатты шешіп алуы немесе оның атына жалған несие ресімдеуі мүмкін. Сондай-ақ құрылғыға вирустық немесе шпиондық бағдарлама кіріп кету қаупі бар. Бұларды қылмыскерлер онлайн-банкингке кіру үшін пайдаланады.

Қазақстандықтардың мұндай жарнамаға сенбеулері керек. Барлық ақпаратты тек ресми көздерден алған дұрыс.

Қажетті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми хабарламалар тек 1414 нөмірінен SMS хабарламалар арқылы таратылатынын да есте ұстаған жөн.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету шаралары, оның ішінде әр отбасына бір реттік төлем, апатты жағдайда қираған үйлерді қалпына келтіру және жаңа үй салу сияқты шаралар қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2084864-qazaqstandagy-su-tasqynynan-zardap-sekkenderge-alayaqtar-qandai-tolemaqy-uade-beredi/