Қазақстанда төлем жасау үшін POS-терминалға қарағанда QR-код көп қолданылады
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар сауда жасаған кезде мобильді банкинг пен QR-код төлемдерін жиі пайдаланады. Тұрақты POS терминалдар барлық транзакцияның 21,3 пайызын ғана құрайды. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
Жыл сайын қазақстандықтар қолма-қол ақшасыз есеп айырысу әдістерін көбірек қолдануда. 2023 жылы олардың көлемі бойынша рекорд тіпті жаңарды.
Заңсыз кәсіпкерлік қызметтің бар-жоқтығына мобильді аударымдарды тексеру басталған кезде кәсіп "көлеңкеге кетіп", қолма-қол ақшамен жұмыс істей ме деген қауіп туындаған еді. Алайда бұл болжам орындалмады. Ranking.kz порталы атап өткендей, іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ – қазақстандықтар әлі де"қолма-қол ақшасыз төлем түрін" таңдайды.
Мысалы, биыл екі айда ғана Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі 21,1 трлн теңгеге жетті. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,1 пайызға көп. Барлығы 1,72 миллиардтан астам транзакция жасалды.
Оған қоса биыл QR-код көш бастады – олардың әдеттегі POS терминалдарға қарағанда төлем жасау кезінде жиі қолданылатыны анықталды. Қаңтар мен ақпанда олардың үлесіне барлық транзакцияның 24,17 пайызы (416,09 млн транзакция), яғни жалпы сомасы 2,12 трлн теңге тиесілі болды. Салыстыру үшін айтсақ, POS-терминалдармен небәрі 367,26 млн транзакция жүргізілген, яғни жалпы көлемнің 21,34 пайызы ғана. Дегенмен жалпы соманы қарастыратын болсақ, олар әлі де танымал QR кодтарынан алда тұр – 2,3 триллион теңге.
Қазақстандықтар арасында ең танымал төлем әдісі – мобильді банкинг. Екі ай ішінде интернет арқылы 16,7 трлн теңгеге 937,85 млн транзакция (54,48 пайыз) жүзеге асырылды.
Сарапшылардың пікірінше, қолма-қол ақшасыз төлемдердің танымалдылығын арттыруда бизнесмендердің өздері де маңызды рөл атқарды.
Олардың көпшілігі заңды кәсіпкерлікпен айналысуға бел буып, жеке кәсіпкер (ЖК) мәртебесін ала бастады. Қаңтарда – 75 мың, ал ақпанда 70 мың жаңа жеке кәсіпкер тіркелді. Ал бұрын айына 2-3 мың ғана тіркелетін.
Еске салайық, бұған дейін елімізде жеке кәсіпкерліктер жаппай жабыла бастаған еді. Бұл кәсіпкерлердің жалпы декларацияның үшінші кезеңіне қатысу міндеттемесіне байланысты болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2087207-qazaqstanda-tolem-zasau-usin-pos-terminalga-qaraganda-qr-kod-kop-qoldanylady/