Қазақстанда 9 пайыздық жеңілдетілген ипотека шарттары жұмсартылды
Жарияланған күні:
Кейбір қазақстандықтарға тұрғын емес жылжымайтын мүліктің немесе үлестік тұрғын үйдегі шағын үлестің болуына байланысты "Отау" ипотекасы берілмей қойды. Қазір мұндай шектеулер жоқ. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Қазақстанда ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап жаңа жеңілдетілген "Отау" ипотекасы іске қосылды. Оның аясында жеке баспанасы жоқ азаматтар 20 пайыздық бастапқы жарна салып, 19 жылға 9 пайызбен тұрғын үй несиесін ала алады. Сонымен бірге уақыт өте келе жылдық тиімді мөлшерлеме (ЖТМ) 4 пайызға дейін төмендейді.
Алайда бағдарлама іске қосылғаннан кейін бәрі бірдей іріктеуден өтпей қалды, оның себебі – қатысушының соңғы бес жыл бойы жеке баспанасы болғаны.
Негізі "Отау" ипотекасының операторы –"Отбасы банкі" өкілдері айтқандай, көптеген қазақстандықтың ипотека алу тізіміне кірмей қалғаны әділетсіз.
Белгілі болғандай, жүйе жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы ақпаратты автоматты түрде қарастырған, бірақ оны талдамаған. Нәтижесінде, көлік тұрағы, гаражы, жер телімі, қоймасы бар немесе жалпы тұрғын үйдегі шағын үлесі бар азаматтар да ала алмай қалған.
"Әрине, бұл фактілер адамдардың тұрғын үйге мұқтаж емес дегенін білдірмейді, біз азаматтардың барлық өтінішін мұқият қарастырдық. "Отау" бағдарламасы бойынша бас тартылған өтініштерді сараптап, бұл жағдайға байланысты жеке шешім әзірледік", - деді "Отбасы Банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Енді автоматты тексеруден басқа банк тексеруді қолмен жүргізеді, оның барысында өтініш берушінің атына қандай жылжымайтын мүлік тіркелгені талданады.
Сондықтан тұрғын емес жылжымайтын мүліктің немесе ортақ жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесінің болуына байланысты ипотека тізіміне енбеген қазақстандықтар "Отау" бағдарламасына қайта құжат тапсыра алады.
Мұны "Баспана Маркет" порталында 30 сәуірге (қоса алғанда) дейін жасауға болады. "Отау" бағдарламасына өтініштер жұмыс күндері сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін қабылданады.
Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін банк тізімді саралайды. Ол банк порталында жарияланады.
Содан кейін бағдарламаға қатысушының несиеге өтініш беруі үшін шамамен 40 жұмыс күні беріледі. Егер несиеге оң жауап келсе, баспана табуға тағы 6 ай уақыт беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, "Отау" бағдарламасымен несие алу үшін қазақстандықтың "Отбасы банкінде" кемінде 18 ай бойы 1 миллион теңгеден басталатын сомасы жатқан депозиті болуы керек.
Бұған дейін біз бастапқы жарнасы жоқтығынан бағдарламаға қатыса алмаған адамға депозит аударуға болатын-болмайтыны туралы айтқан едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2088872-qazaqstanda-9-paiyzdyq-zenildetilgen-ipoteka-sarttary-zumsartyldy/