Өсиеттегі қате үшін қазақстандықтар мұрадан айырылуы мүмкін
Жарияланған күні:
Ақша мен мүлікті мұраға қалдыра отырып, қазақстандықтар өсиет ресімдей алады. Алайда оның мәтініндегі қате тұжырымдар мұрагерлер арасында дау-дамайға апарып соқтыруы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мұра – азаматтың қайтыс болған жағдайда мұрагерлеріне өтетін материалдық (ақша, тұрғын үй, автокөлік және т.б.) және материалдық емес (мысалы, авторлық құқықтар) мүлкінің түрлері.
Әдетте ол мұрагерлер арасында кезегіне қарай заң бойынша бөлінеді: мысалы, марқұмның балалары болса, онда солардың арасында, ал егер жоқ болса, онда аға, әпке-қарындастарының және т.б. арасында.
Сондай-ақ қазақстандықтар нақты мұрагерлерді, тіпті оларға мұра беру шарттарын көрсете отырып, өсиет қалдыра алады. Бірақ мұндай құжаттың мәтінінде логикалық қателер болуы мүмкін.
Бұл мұраның дұрыс бөлінбеуіне қауіп төндіреді, делінген заңгер Анатолий Диденконың "ИС ЮРИСТ" порталында жарияланған мақаласында.
Өсиетті қалайша қате тұжырымдалуы мүмкін
"Өсиетте мынадай сөз бар делік: "Бірінші және екінші некедегі балаларыма 1 000 000 АҚШ доллары көлеміндегі ақша тең үлеспен беріледі".
Өсиет қалдырушының бірінші некеден үш баласы, екіншісінен екі баласы бар.
Бұл жерде балалардың әрқайсысына бірдей 20 пайыз көлеміндегі сома аударыла ма, әлде жалпы соманы екі отбасыға бөліп, содан кейін ғана әр топтың балаларының арасында бөлу керек пе?" деген заңды сұрақ туындайды", - деп келтірілген дереккөзде.
Яғни осындай тұжырымға байланысты бірінші некедегі балалар мұраны барлық балаларға тең бөліп, әрқайсысына 200 000 АҚШ долларынан берілу керек деп санауы мүмкін.
Алайда екінші некедегі балалар бірден бүкіл соманың жартысын талап етуі мүмкін: яғни 500 000 долларды. Егер осылай болса, осы некедегі екі бала 250 000 АҚШ долларынан алатын еді. Ал бірінші некедегі балалар қалған жартысын үшке бөлуге мәжбүр болады: мұндайда әрқайсысына 166 666 АҚШ долларынан тиеді.
Мұндай жағдайда не істеу керек
Дереккөзде атап өтілгендей, өсиет бір немесе бірнеше жеке тұлғалардың пайдасына, сондай-ақ заңды тұлғалардың пайдасына, сондай-ақ мемлекет пайдасына жасалуы мүмкін.
Сонымен қатар егер бірнеше мұрагер болса, онда мұра қалдырушы әрбір мұрагердің үлесінің (немесе тиесілі мүлкінің) мөлшерін көрсетеді немесе барлық мұрагердің тең үлесте мұра алатынын көрсетеді.
Ал жоғарыда келтірілген мысалдағы сияқты мұрагерлердің екі тобы (әртүрлі отбасынан шыққан балалар) болса және әрқайсысында адамдар саны әртүрлі болса, "тең үлесте" тіркесін де әртүрлі түсінуге болады. Бірақ екі ғана мұрагер болса, онда мағынасы бірден түсінікті болар еді.
"Бұл сөздерді мұрагерлердің үлесі басқаша анықталған кезде өсиетке қосса, салмағы болуы мүмкін.
Яғни мұраны барлық мұрагер арасында тең бөлу керек ("тең үлестермен") деген тікелей нұсқаудың болмауына қарамастан, барлық мұрагер үлесінің теңдігі болжанады; мәтінге мұрагерлердің екі тобының "тең үлестеріне" арнайы нұсқауды енгізу әрбір мұрагердің емес, әр топ үлесінің теңдігін білдіреді", - делінген дереккөзде.
Осылайша, жоғарыда келтірілген мысалда екі отбасынан шыққан мұрагерлер өсиеттің мәнін әртүрлі түсініп, бұл ұзаққа созылатын сот процестерін тудыруы мүмкін.
Сондықтан қазақстандық өсиет қалдырушының мұрасы құжаттағы мұрагерлер арасында қалай бөлінетіні дұрыс көрсетілуі керек: барлығына бірдей үлес немесе белгілі бір топтар арасында бөлінетін үлестер (мысалы, бірінші некедегі үш балаға 50 пайыз және екінші некедегі екі балаға 50 пайыз).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2091341-osiettegi-qate-ushin-qazaqstandyqtar-muradan-aiyryluy-mumkin/