Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның қарызы неліктен өсіп жатыр: министрлік өкілдері түсіндірді

Жарияланған күні:

Ақша номиналы
Ақша номиналы. Көрнекі сурет: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжілісте қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Қазақстанның мемлекеттік қарызы көлемінің неліктен артқанын айтты. Оның бір себебі – бюджет тапшылығын қаржыландыру. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мәжіліс отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков 2023 жылы бюджет тапшылығы 3,1 триллион теңге екенін, яғни ЖІӨ-нің 2,6 пайызы көлемінде екенін айтты.

"2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 27,2 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 22,8 пайызын құрады. Оның ішінде мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 20,9 пайызын немесе 24,9 триллион теңгені құрады. Мемлекеттік қарыздың жоғарғы шегі ЕАЭО-ға мүше елдер үшін ЖІӨ-ге 50 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген мәндер аймағында тұр. 2024-2028 жылдарға арналған болжамдар көрсетілген жылдары мемлекеттік қарыз лимиттен аспайтынын және ЖІӨ-ге 25 пайыз, ал үкіметтік қарыз ЖІӨ-ге 21 пайыз деңгейінде болатынын көрсетеді", - деді ол.

Депутат Берік Бейсенғалиев жауап ретінде басқа да мәліметтерді келтірді.

"Бізде жыл сайын мемлекеттің қарызы артып келеді. Тек 2023 жылдың өзінде бізде Үкіметтің қарызы 13 пайызға өсіп, 60 миллиард долларға жетті, бұл – ЖІӨ-нің 22 пайызы. ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша, елдің сыртқы қарызы қазірдің өзінде 162 млрд, ЖІӨ-ге қатысты айтар болсаөһқ, 60 пайыздан астам. Мұндай өсу немен байланысты және еш қауіп жоқ па?" - деп сұрады ол.

Бұған жауап ретінде Қаржы министрлігінің өкілі мемлекеттік қарыздың 27,2 трлн теңгесінің 20 трлн теңгесі ішкі қарызға, ал 7 трлн теңгесі елдің сыртқы қарызына тиесілі екенін айтты.

"Сіз айтқан 162,7 млрд доллар – елдің жалпы қарызы... Ұлттық Банк өтірік айтпайды. Оның 133 млрд доллары немесе 82 пайызы – елдің сыртқы борышы, яғни мемлекеттің емес, жеке сектордың міндеттемелеріне тиесілі. Бұл жерде мемлекет тек өз міндеттемелерін атқаратынын түсіну қажет, ол 7 трлн теңге", - деп түсіндірді вице-министр Дәурен Темірбеков.

Ол сондай-ақ қарыздың неліктен өсіп жатқанына да түсініктеме бере кетті.

"Қарыз өсіп жатыр, себебі өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,1 трлн теңге көлемінде қалыптасқан бюджет тапшылығын қаржыландыру қажеттілігі бар. Пандемиядан кейінгі кезеңде экономика қарқыны мен шығындарды арттыру қажет болды. Өздеріңіз білетіндей, олар тез өсті және өткен жылы шамамен 4 трлн шығын болды.

Енді мұның барлығын теңестіру қажет екенін түсінеміз. Келесі жылдан бастап үкімет шығындарды биылғы деңгейде қалдыруды жоспарлап отыр... сол арқылы қарызды бұдан былай ұлғайтпайды, Ұлттық қордағы кепілдендірілген және мақсатты трансферттерді қысқартады және кірістер базасын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліеді", - деп қорытындылады қаржы вице-министрі.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айында Қаржы министрлігінің басшысы Мәди Тәкиев министрлер кабинетінде өткен брифингте Қазақстанның мемлекеттік қарызының көлемін жариялаған болатын. Ол қазіргі уақытта мемлекеттік қарыздың көлемі қауіпсіз шектен аспайтынына сендірді.

Бұл ретте 2023 жылдың аяғында Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров Қазақстанның мемлекеттік қарызының көлеміне байланысты Қаржы министрлігі басшысына сөз сөйлеп, елде қаржылық мәселелер басталуы мүмкін екенін айтты. Сонда Қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз мәселесі мемлекеттің ерекше бақылауында деп жауап берді.

Ал сол жылдың наурыз айында сенатор Шәкәрім Бұқтұғытов 2050 жылға қарай мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімнің 45 пайызына дейін өсу қаупі бар екенін атап көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2102567-qazaqstannyng-qaryzy-nelikten-osip-zhatyr-ministrlik-okilderi-tusindirdi/