Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жиһаз сатушы оны құрастыруға қосымша ақы талап етті: мұндайда не істеу керек

Жарияланған күні:

Жүк тиеушілер
Жүк тиеушілер. Көрнекі сурет: AndreyPopov/Getty Images

Маркетплейстерде жиһазға тапсырыс берген кезде кейбір сатушылар оны құрастыру үшін ақша талап етеді. Егер бастапқыда мұндай шарт болмаса, бұл заңсыз болып саналады. Бұл жағдайда не істеу керектігін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Қазақстандық интернет-дүкендерде электроникадан жиһазға дейін кез келген нәрсеге тапсырыс беруге болады. Соңғы жағдайда, маркетплейсте тапсырыс берілген жиһаз бөлшектелген түрде әкеліне ме, жоқ әлде оны жеткізуші жиналған күйі жібере ме, мұны әлде сатып алушы істеуі керек пе, бұл әрдайым анық бола бермейді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде айтылғандай, кейбір сатушылар мұндай жағдайларда адалдық танытпайды: яғни өз парақшасында ақылы қызметтер туралы айтпай, жеткізу күніне жақындаған кезде сатып алушыдан жиһазды жинау немесе тіпті оны жоғарғы қабаттарға көтеру үшін қосымша ақы талап ете бастайды.

Мұндай жағдай сатып алушылардың бірінің басынан өтті. Шкафты жеткізу тапсырысын рәсімдеп, төлегеннен кейін оған сатушыдан жиһаз бөлшектелген түрде келетіні және құрастыру жиһаз құнының 10 пайызы болатыны туралы хабарлама келген. Бұл ретте пәтерге жиһазды көтеріп жеткізу үшін жұмыскерлерге әрбір қабат үшін 1 000 теңгеден қосымша ақы төлеуге тура келеді.

Бұл шарттардың барлығы бастапқыда тауар туралы парақшада болмағанын ескеру маңызды.

Сатып алушы бұл ақпараттың жария офертада жоқтығын айтқанда, сатушы: "Тауардың сипаттамасында жиһаздың бөлшектелген түрде жеткізілуі мүмкін екендігі көрсетілген. Құрастыру әдетте ақылы қызметке жатады, бұл ақпаратты сатушыдан анықтаңыз. Сіздің тапсырысыңыз – тапсырыспен дайындалатын түріне жатпайтын дайын шкаф, сондықтан құрастыру құны қосылмаған. Шарттармен келіспеген жағдайда әрқашан тапсырыстан бас тартуыңызға болады", - деп жауап берген.

Құрастырылмаған жиһаз
Құрастырылмаған жиһаз. Көрнекі сурет: Kseniya Ovchinnikova/Getty Images

Бір қызығы, тауардың сипаттамасында жиһазды бөлшектеу және өндіруші туралы ақпарат болмаған. Сондай-ақ өздігінен құрастыруға арналған нұсқаулық та жоқ болып шыққан.

Мұның бәрізаң бұзушылыққа жатады, сондықтан мұндай жағдайларда "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" ҚР Заңының 42-4-бабына сәйкес сатып алушы тауардың кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды өтеу және оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жою туралы сатушыға шағым жіберуге құқылы.

Егер құқық бұзушы мәміле жасауға келіспесе, заңды көмек алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестікке жүгіне аласыз.

Қазақстандықтар сатушылардың тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат көрсетуге міндетті екендерін есте ұстаған жөн. Атап айтқанда, қосымша ақылы қызметтер туралы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2105862-qazaqstanda-zhihaz-satushy-ony-qurastyruga-qosymsha-aqy-talap-etti-mundaida-ne-isteu-kerek/