Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда сотқа қатысқаны үшін алқабилерге қанша ақы төленеді

Жарияланған күні:

Liudmila Chernetska/Getty Images
Сот. Көрнекі сурет: Сот

Алқаби ретінде 25 жастан асқан кез келген қазақстандықтық сотқа шақырылуы мүмкін. Бұл ретте оған күніне шамамен 18 мың теңге төленеді. Сот жүйесі туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

"Алқабилер туралы" заңға сәйкес, 25 жастан асқан кез келген қазақстандық сотқа алқаби ретінде қатысуға шақырылуы мүмкін. Мұндай шақыртуды елеусіз қалдыруға болмайды – бұл үшін Әкімшілік кодекстің 655-бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2024 жылы 36 920 теңге) айыппұл салынады.

Сондықтан сотқа шақырған кезде баруға тура келеді. Дегенмен қазақстандықтардың қатысудан бас тартуға мүмкіндігі бар. Алқабилер туралы заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес олар мыналар:

  • егер азамат сот талқылауы өтетін тілді білмесе;
  • егер азамат өзінің дене немесе психикалық кемістігіне байланысты міндеттерін орындай алмаса;
  • егер азамат алпыс бес жастан асқан болса;
  • егер азамат дін қызметкері болса.

Бұдан бөлек, "Казахстан подешевле" Telegram-арнасының авторлары атап өткендей, 3 жасқа дейінгі балалары бар алқаби әйел мен діни сенімдері бойынша сотқа қатыса алмаймын деп есептейтін адамдар міндеттерінен босатылуы мүмкін. Сондай-ақ дәрігерлер, мұғалімдер, әуе компанияларының ұшқыштары және жұмыстан алшақтауы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге зиян тигізуі мүмкін басқа тұлғалар да босатылуы ықтимал.

Дегенмен алқабилердің қызметі волонтерлікке жатпайды және сотқа қатысқан әрбір күнге ақы төленеді. Алқабилер аудандық судьяның жарты жалақысын алады – күніне шамамен 18 000 теңге.

Сондай-ақ алқабилерге қылмыстық іс қаралатын жерге баруға қажет іссапар шығыстары өтеледі. Бұл ретте алқабилердің жұмыс орны, лауазымы сақталады және еңбек өтілі ескеріледі. Оларды жұмыстан шығаруға немесе төмен жалақы алатын лауазымға ауыстыруға болмайды.

Сондай-ақ тіпті жұмыссыз және жоғары білімі жоқ тұлғалар да сотқа алқаби ретінде қатысуға шақырылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Алайда сотқа барлық қазақстандық бірдей жіберілмейді. Кімдерге алқаби болуға болмайды:

  • соттылығы бар адамдар;
  • психикалық, мінез-құлық бұзылыстары бойынша медицина ұйымдарында есепте тұрған тұлғалар; судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар;
  • мемлекеттік қызметшілер;
  • әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Айта кету керек, қазақстандықтар алқабилер ретінде жиі шақырыла бастады. Мысалы, олардың қатысуымен соңғы атышулы іс экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп, ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2106432-qazaqstanda-sotqa-qatysqany-ushin-alqabilerge-qansha-aqy-tolenedi/