Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Теңге құны неге төмендеді?

Жарияланған күні:

Теңге
Көрнекі фото: depositphotos.com

Валюта нарығында қандай өзгеріс болып жатқанын көпшілік жақсы біледі. Соңғы бірнеше апта ішінде теңге әлсірей бастады. Бұған не себеп деген заңды сауал туындайды.

Жалпы, республикалық бюджетке трансферт түрінде қаражат аудару үшін Ұлттық қор шетел валюталарын конвертациялайтыны бар. Бұл жолы оның көлемі азайған еді, айырбас бағамының құбылуына бірден бір себеп осы деп те айтылады. Мысалы, мамыр айында мұндай операцияның көлемі 800 млн АҚШ долларына пара-пар болса, Ұлттық банк маусым айында ол екі есе, яғни 400 млн долларға дейін қысқаратынын айтты.

Енді осы аптада орта есеппен төл валютамыз күн сайын 1,5-1,6%-ға арзандап, 6 теңгедей әлсіреді. Соңғы тәулікте тағы 1,61%-ға құнсызданды. Отандық қор биржасында 19 маусым күні 1 АҚШ доллары 459,76 теңгеге теңесті. Осындайда "неге біз шарасызбыз, көрші елдердің сомдары мен манаттары неге берік" деген сұрақ туындайды.

Енді Ұлттық банктің позициясына сүйенсек, теңгенің тұрақсыздығына бірнеше фактордың бір мезетте қосарланып кетуі себеп болған. Оның алғашқысы АҚШ банкнотасының жаһандық деңгейде күшеюі болса, екінші себеп импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы.

Мұнай мен теңгенің арасында тікелей корреляция бары белгілі. Мұнай бағасы түссе теңге түседі, қара алтын қымбаттаса теңге құнды болады. Қазір мұнай бағасы 85 доллардан асып тұр. Сондықтан жоғарыда аталған себептер төл теңгемізді қатты теңселте қоймады.

Жағдайды бақылауда ұстап отырған Ұлттық банк болса бұл жолы валюталық интервенция жүргізбейтін болып шешті. Себебі ашық экономикада валюта бағамын бір деңгейге бекітіп қою дұрыс емес. Ол әрекет елдің алтын-валюта қорын түгесуге бір табан жақындата түседі. Ал, сондай кезеңде экономикада келеңсіздектер орын алса, валютаның құлдырауы экономикамызға ауыр соққы болары анық. Оған бірнеше мысал келтіруге болады.

Мәселен 2008 және 2014 жылдардағы дағдарыс. Тағы бір қиын кезеңді екі жыл бұрын өткердік. 2022 жылы ел ішінде сатып алатын доллар қалмай, доллардың ресми бағамы 500-ден асып, кей пунктерде 700-ге дейін барғаны белгілі. Ұлттық банк мәселені шешу үшін АҚШ валютасын арнайы самолет жалдап әкелген еді. Сол тұста халық долларды есепсіз алып, кейін оны жұмсай алмай қайта сата бастады. Нәтижесінде екі-үш айдан кейін теңге 415-ке дейін нығайды. Түсіндіре кетсек, долларға деген сұраныс артқанда, оның бағамы күрт өседі. Сәйкесінше сұраныс төмендегенде бағамы да түседі. Сондықтан бағам реттеуші банктің бұйрығымен емес, сұраныс пен ұсыныс негізінде құбылуы керек.

Сол сияқты теңгеге сұраныс артса, оның да бағамы нығая түседі. Мысалы, Ұлттық банк базалық ставканы жоғары қалдырса, екінші деңгейлі банктердегі депозит үстемеақысы да жоғары болады. Ол кезде теңгеге деген сұраныс арта түседі. Себебі ақшаны теңгемен депозитке салып қойған әлдеқайда тиімдірек болады. Теңгенің былтырғы 480-нен 445-ке дейін нығаюының бір себебі сол.

Бірақ базалық ставкаға сәйкес кредит ставкасы да жоғарылайды. Ставканы жоғары ұстап, кредитті қолжетімсіз, ал валюта бағамын мықты етіп қоюға тағы болмайды. Себебі бұл өндірістің өркен жаюын тежейді. Несие ала алмаған кәсіпкердің көші ілгері баспай, өрісі тарылуы ықтимал. Өндіріс туралағанда импортқа тәуелділік артып, тіпті азық-түлікті тасып ішуге тура келеді. Мұндай жағдайда елдегі инфляция шетелдік өндірушілердің ықпалымен қалыптасады. Яғни, экономикалық тәуелсіздігімізге қауіп-қатер төнеді.

Үкімет пен Ұлттық банк өз үстемдігін жүргізіп, валютаны нықтап, банктер мен нарықты қатаң бақылауға алу арқылы мәселені реттеуге болады. Бірақ ондай жағдайда нарық дамымай қалады. Салдарынан инвесторлардың біздің нарыққа қызығушылығы жоғалады. Жаңа жобаларды іске асыруға бейілді болмайды. Демек бұл тұста да түйткілдің түйінін тарқатар, мәселенің ортақ шешімін, нүктесін таба білу өте маңызды.

Осы мәселелерді ескеріп, бас банктің басшылығы теңгенің айырбас бағамы еркін әрі өзгермелі қалпында қала бергенін жөн көретін сияқты. Себебі мұндай қадам экономиканы қуатты етуге негіз бола алады дейді. Яғни валюта бағамының еркін қалыптасуымен экономика кез келген өзгерістерге тез бейімделеді. Басқаша айтсақ, валюта құны – ел экономикасының қуатты болуына тікелей байланысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2120865-tengge-quny-nege-tomendedi/