Rolls-Royce, Mercedes және Lexus: салық заңы бойынша қандай көліктер қымбат мүлік деп саналады
Жарияланған күні:
Читать на русскомОрталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің басшысы Қазақстанда қандай көліктер қымбат мүліктер санатына жататынын айтты. Сондай-ақ оның айтуынша, оларға салық өсіріледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің басшысы Ерлан Сағынаев бүгінде қанша қазақстандықта қымбат көлік барын және қымбат мүліктер санатына қандай маркалы көліктер жататынын баяндады.
"Жеңіл автокөліктер үшін біз ең жоғары кедендік бағаны 75 миллион теңгеден жоғары қылып белгіледік. Егер оның (көлік — ред. ескертпесі) құны бұдан жоғары болса, оған 10 пайыз көлемінде қосымша акциз салығы салынады. Мемлекеттік кірістер комитетінің импортталатын автокөліктерге жүргізген талдауына сәйкес, 2 жылдың ішінде елге 270-ке жуық мұндай көлік кіргізілген.
Яғни бұл қымбат мүліктер санатындағы мүлікке салынатын салық халықтың тіпті орташа тобын да қамтымауға тиіс деген мемлекет басшысының тапсырмасына сай келеді. Өзге сөзбен айтқанда, мұндай азаматтар санатына соңғы 2 жылда 300-ден аса ғана адам кірген және осынша адам ғана қымбат премиум-класс көліктерін тізгіндеуге мүмкіндігі бар", - деді спикер.
Салық және кеден саясаты департаментінің басшысы аталған қазақстандықтардың меншігінде Rolls-Royce, Mercedes сияқты соңғы үлгідегі люкс көліктері барын, сонымен қатар премиум-класс санатындағы Lexus тізгіндейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ спикердің айтуынша, Қазақстанға әкелінетін люкс санатындағы алкогольдің ішіне құны бірнеше миллион теңге Macallan вискиі жатады.
"Біз жаңа Салық кодексі аясында қымбат алкоголь мен темекі өнімдеріне қосымша 10 пайыз акциз салуды жоспарлап отырмыз. 1 литрі 500 мың теңгедене астам тұратын алкоголь қымбат болып саналады. Оның ішінде қымбат коньяк, виски де бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, былтыр елімізге Macallan сынды қымбат коньяктар мен 1 литрі 5-6 миллион теңгеге жететін премиум-класс санатындағы виски және коньяктар импортталған", - деп қосты Ерлан Сағынаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2123094-rolls-royce-mercedes-zhane-lexus-salyq-zangy-boiynsha-qandai-kolikter-qymbat-mulik-dep-sanalady/