Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанға жіберілетін ақша аударымдары азая бастады

Жарияланған күні:

Ақша
Ақша. Көрнекі сурет: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан арқылы халықаралық ақша аудару жүйелерімен 411,4 млрд теңге өткен, бұл бір жыл бұрынғыдан 15,5 пайызға аз. Ақшаның қайда аударылатынын KAZ.NUR.KZ сайтынан оқыңыздар.

Қазақстанда банктік шотсыз ақшаны жіберуге және алуға мүмкіндік беретін халықаралық ақша аударымдары жүйелеріне (ХААЖ) сұраныс төмендеп жатыр.

Ranking порталының мәліметінше, 2024 жылдың бес айында Қазақстан арқылы ХААЖ-бен 411,4 млрд теңге жіберілген, бұл 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 15,5 пайызға аз. Бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан төмендеп келе жатқанын айта кеткен жөн – өткен жылы төмендеу 14,6 пайыз болған.

Жалпы, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан тұрғындары басқа елдерге шамамен 310,4 млрд теңге жөнелтті, бұл бір жыл бұрынғыдан 11,1 пайызға аз. Шетелден түскен қаражат көлемі де 26,6 пайызға, яғни 101 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Ақша аударымдарының көлемі
Ақша аударымдарының көлемі. Инфографика: ranking.kz

Ең көп ақша Ресейге (99,9 млрд теңге), Өзбекстанға (74,4 млрд теңге) және Түркияға (69,5 млрд теңге) жөнелтілді. Бір қызығы, Ресейге аударымдар 12,2 пайызға өссе, Өзбекстан мен Түркияға, керісінше, тиісінше 8,8 және 22,3 пайызға төмендеген.

Сондай-ақ Грузия, Қырғызстан, Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан және әлемнің басқа да бірқатар елдеріне ақша жіберілді.

Қазақстанға аударылған ақша аударымдарына келер болсақ, барлық қаражаттың жартысы үш елден түсті: Ресей (28,8 млрд теңге), АҚШ (12,3 млрд теңге) және Оңтүстік Корея (11,2 млрд теңге). Бұл ретте трансферттердің төмендеуі үш елде де байқалады: Ресейден – екі есе дерлік, АҚШ-тан – 11,1 пайызға, Кореядан – 19,2 пайызға. Сондай-ақ Қазақстанға Өзбекстан, Түркия, Германия, Қырғызстан, Грузия және әлемнің басқа да елдерінен ақша белсенді түсті.

Осылайша, Қазақстанда халықаралық ақша аударымдары жүйелеріне сұраныс шынымен де төмендеп барады. Еске салайық, мұндай жүйелердің танымалдылығының шыңы 2022 жылы Visa және MasterCard төлем жүйелері Ресейден кетуге шешім қабылдаған кезде байқалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2129955-qazaqstanga-zhiberiletin-aqsha-audarymdary-azaia-bastady/