Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Банксіз даму мүмкін емес: Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге салықты арттыру жоспарын сынға алды

Жарияланған күні:

Монеталардағы әріптері бар текшелер
Көрнекі фото: depositphotos.com

Салық заңнамасына өзгерістер енгізу аясында екінші деңгейлі банктерге салықты арттыру жоспарланып отыр. Бұл олардың қызметіне қалай әсер ететіні туралы NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстан Республикасының жаңа салық кодексінің жобасы 15 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында жарияланды.

Көптеген өзгерістің ішінде корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін саралау мәселесі де қозғалды.

Осылайша экономиканың нақты секторын несиелеуден алынатын, салық салынатын табысты қоспағанда, екінші деңгейлі банктер жүзеге асыратын банк қызметі үшін КТС мөлшерлемесін 20 пайыздан 25 пайызға дейін арттыру ұсынылады.

Сонымен қатар бұл санатқа казино, ойын автоматтары залдары мен лотереялардың қызметтері де кіреді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында мұндай өзгерістерді сынға алды.

Банк және ойын секторының айырмашылығы

"Банксіз даму мүмкін емес. Қаржы нарығы кез келген экономиканың айналым жүйесі болып келеді.

Біздің ұстанымымыз анық, айқын және дәйекті: банктер табысқа салық салу тұрғысынан экономиканың қалған бөлігі сияқты бірдей салық режимінде болуы керек", - деді Тимур Сүлейменов брифинг барысында.

Сонымен қатар ол банктер мен ойын мекемелері бір-бірінен әртүрлі аспектілермен, соның ішінде реттеуші жүктемелермен айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті.

Мәселен ол ойын бизнесі жартылай реттелмегенін, заңнамаға қажетті түзетулер Қазақстанда енді ғана қабылдана бастағанын атап өтті. Ал екінші деңгейлі банктер қатаң бақылауға алынады.

"Банктер қатаң қадағаланатын ұйымдар. Бізде 20 млн халық үшін небәрі 21 банк жұмыс істейді. Тиісінше олардың барлық кірісі, шығысы, капиталы және т.б. екі реттеушінің көз алдында: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және ішінара біздің бақылаумызда.

Сондықтан олар (банктер мен ойын мекемелері – ред. ескертпесі) ашықтығы, пайдалылығы және кірістілігі жағынан мүлдем бөлек", – деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ сарапшылар банктер үшін КТС-ті 25 пайызға көтерудің салдары туралы айтты.

Экономикаға әсер етуі мүмкін салдары

Telegram-дағы Finance.kz арнасы екінші деңгейлі банктер үшін салықты көтерудің нәтижесі халық пен бизнес үшін несие құнының өсуінен білінетінін атап өтті: көтерілген КТС нәтижесінде қарыз алушылар төлейтін сыйақы пайызына ауысады.

Нәтижесінде бұл экономиканы қаржыландырудың төмендеуіне әкелуі мүмкін, өйткені қымбат несиені жаба алатын жеке және заңды тұлғалардың саны азаяды.

Ал Telegram-дағы Tengenomika арнасының сарапшылары мұндай шаралар банк бизнесінің маржасына әсер ететінін айтады.

Ал банк секторын сауатты реттеу мен ынталандыру, олардың пікірінше, үкіметке шикізатқа тәуелді емес экономиканы дамыту үшін негізгі капитал көзін алуға мүмкіндік береді.

Басқаша айтқанда, сарапшылар мен Ұлттық банк басшысы банктер үшін КТС-тің ойын мекемелері деңгейіне көтерілуі экономиканы қаржыландыруға және бизнес пен халық үшін несие құнына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін алға тартады.

*Банк қызметі Қазақстан Республикасында лицензияланады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2136867-banksiz-damu-mumkin-emes-ulttyq-bank-ekinshi-denggeili-bankterge-salyqty-arttyru-zhosparyn-synga-aldy/