Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Конституциядағы уәдеге қайшы: Ұлттық банк басшысы кей салық жеңілдіктерін жою туралы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Адам смартфон ұстайды
Көрнекі фото: depositphotos.com

Қазақстанда 2066 жылға дейін күшіне ие болуға тиіс салық жеңілдіктерін мерзімінен бұрын алып тастау жоспарланып отыр. Бұл шаралар экономикаға неліктен кері әсерін тигізуі мүмкін екені туралы NUR.KZ сайтынан біліңіз.

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Қазақстан Республикасының тиісті конституциялық заңымен белгіленген қаржы секторындағы ерекше құқықтық режим шеңберінде Қазақстан аумағында жұмыс істейтін арнайы орталық.

Сондай-ақ АХҚО негізінде халықаралық инвесторларға таныс ағылшын құқығы юрисдикциясы шеңберінде жұмыс істейтін AIX қор биржасы жұмыс істейді.

АХҚО ашылған кезде оның конституциялық заңы аясында 2066 жылға дейінгі салық жеңілдіктері туралы норма енгізілді. Алайда бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин сарапшылармен кездесуі барысында АХҚО аясындағы салық жеңілдіктерін мерзімінен бұрын жою жоспары туралы мәлімдеген болатын.

Бұл шешім Ұлттық банк басшысы мен миноритарлық инвесторлар өкілдерінің сынына ұшырады.

Бұл не үшін қажет?

Жоспарланған өзгерістерге сәйкес, салық жеңілдіктерінің орнына AIX-те тіркелген бағалы қағаздар бойынша құн мен дивидендтердің өсіміне 5 пайыздық салық енгізілмек.

Демек, AIX және KASE биржалары арқылы шетелдік компаниялардың бағалы қағаздарына иелік ететін инвесторлар келесідей табыс алған жағдайда белгілі сомада жеке табыс салығын төлейді:

  • құн өсімімен сатудан – егер акциялар бұрын сатып алынған бағадан жоғары бағамен сатылса, онда оң айырмадан салық ұсталады;
  • дивидендтерді алу кезінде – яғни инвесторға төленген дивидендтер сомасының 5 пайызы.

Мұндай шешім қаржы нарығының (KASE және AIX бойынша) барлық қатысушысы үшін шартты теңестіру қажеттілігімен түсіндіріледі – екі платформада да салық енді 5 пайызды құрайды, бұл сонда да базалық салық ставкасынан төмен.

Осы мақсатта АХҚО туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Дегенмен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай шаралар Қазақстан үшін тәуекелге барумен тең екенін айтты.

Жеңілдіктерді жоюдың салдары

Ұлттық банк басшысының айтуынша, мұндай шаралар салық арқылы мемлекетке қосымша пайда әкелуі мүмкін, өйткені АХҚО жақсы дамып келеді. Алайда мұндай шешімнің тәуекелі де жоғары.

"Бұл нарықты құрған кезде оны cash cow ("сауын сиыр" -(ред. ескертпесі)) болуы үшін құрған жоқ қой.

Біздің ұстанымымыз – егер біз инвесторларға Конституциялық заң аясында қандай да бір кепілдік берген болсақ, өзіңіз айтқандай, одан ауытқудың қажеті жоқ, оны үнемі айтып келеміз.

Өйткені сен табыс та табасың, бірақ одан жоғалтатының да көп, сенімнен, сәйкесінше инвестициядан айырыласың", - деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің брифингінде.

Telegram-дағы QazTrading арнасының хабарлауынша, осындай пікірді Қазақстан миноритарлық инвесторлар қауымдастығының (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаев та айтқан.

Ол АХҚО туралы заңда көзделген жеңілдіктер мерзімінен бұрын жойылатын болса, Қазақстандағы салық режимінің тұрақтылығы туралы сөз қозғау артық дейді.

Басқаша айтқанда, уәде етілген салық жеңілдіктерінің күшін жою Қазақстаннан инвестицияның кетуіне әкелуі мүмкін – халықаралық инвесторлар өз инвестициясын жоғалту тәуекелін мұқият бағалайды, ал салық ережелерінің күрт өзгеруі бұл тәуекелді арттырады.

*Банк қызметі Қазақстан Республикасында лицензияланады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2136873-konstitutsiiadagy-uadege-qaishy-ulttyq-bank-basshysy-kei-salyq-zhengildikterin-zhoiu-turaly-pikir-bildirdi/