Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бай мен кедейдің арасы тым алшақтап барады

Жарияланған күні:

2005 жылы тұңғыш рет қазақстандықтар "Форбс" журналының "мәртебелі тізіміне" енді. Қарапайым халықтың тұрмысы енді түзеле бастағанда, айды аспанға шығарып, үш азаматымыз миллиардер атанды.

"Геройларымыз" кім десек, еврей Машкевич, ұйғыр Шодиев, өзбек Ибрагимов екен. 2006 жылы тізімді 2,8 млрд, доллармен Владимир Ким келіп толықтырды. 2007 жылы тұңғыш рет қазақтар ресми түрде миллиардерлер деп танылды. Тимур мен Динара Құлыбаевтар (әрқайсысы 2,1 млрд.-тан) 4,2 млрд. доллардың иесі саналса, жетінші қазақстандық, үшінші қазақ миллиардері ретінде "Қазкоммерцбанктің" иесі Нұржан Сұбханбердин (664-орын, 1,5 млрд.) "жарқырап" жүрді. 2008 жылы тағы бір қандасымыз Болат Өтемұратов ($1.0 млрд.) аңсаулы тізімнен көрінді. 2009 жылы "Центркредит банк" директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Байсейітовтің есімі "жаңалық" болды.

Сол "жұлдызды күннен" бері де үш жыл өтіпті. Осы уақытқа дейін "Форбста" төбе көрсеткен тоғыз төремізден 2012 жылы үшеу ғана қалған екен. Биыл Владимир Ким 3,5 млрд. доллармен Қазақстанда №1, бүкіл әлемде 314-орында болса, Алиджан Ибрагимов 2,8 млрд.-пен әлемде 418-орында тұр. Болат Өтемұратов 1,5 млрд. тауып, 854-орынға табан тірепті. Сонда басқа байшыкештеріміз қайда кетті? Әсіресе 2005-тен бері миллиардтары өспесе, кеміп көрмеген Машкевич пен Шодиевті уайымдап отырған шығарсыз. Оларға дәнеңе көрінген жоқ, есен-сау жүріп жатыр. Машкевич мырза Израильдің оралманы аталса, Шодиев баһадүр Бельгиядан бір-ақ шыққан.

Бірақ байда қайбір сүйкім болсын. Халықтың 5 пайызы, яғни 815 мың адам кедей. Ал Қазақстанда кедей болу деген - айына 7000 теңге табыс табу деген сөз. Күнкөріс минимумы 17 мың теңге. Енді бейресми кедейлер санын есептей беріңіз. Мысалы, Америкада миллиардер саны артса, көшедегі қарапайым азамат қуанады. Бұл - бүкіл америкалықтардың, мемлекеттің табысы болып қабылданады. Өйткені онда "баю" мен "тонау" деген ұғымдар бір емес. Халықты Қазақстаннан миллиардер шыққаны қынжылтпайды ғой, құдай-ау.

Бірақ байда қайбір сүйкім болсын. Халықтың 5 пайызы, яғни 815 мың адам кедей. Ал Қазақстанда кедей болу деген - айына 7000 теңге табыс табу деген сөз. Күнкөріс минимумы 17 мың теңге.

Олардың қалай байығаны қызықтырады да. Өзіңіз қараңыз: Владимир Ким - "Қазақмыс", Патох Шодиев - Қазақстан алюминийі, Алиджан Ибрагимов - "Қазхром"... Қысқасы, жер байлығын сүліктей сорып жатыр. Ата-бабамыз айқасып жүріп қалдырған қара жердің астындағы иен байлықтың бәрі осы кісілердің құлқынына құйылуда. Қазақтың пешенесіне жазылған қазына қазақтан шыққан Өтемұратовтан (тау-кен ісі, мырыш өндіру) басқа бір де бір миллиардердің мұртын майлаған емес.

Ал шетелдіктерге қараңыз. Мысалы, қазір әлемдегі №1 бай мексикалық Карлос Слим Элу - медиамагнат. Билл Гейтстің қалай байығанын өзіңіз де білесіз. Амансио Ортега "Zara" атаулы белгілі киім-кешек брендінің айналасында дәулет жиған. Яғни табиғат байлығы мен халықты қанаудан да басқа, "мидың күшімен" ақша табудың көптеген жолдары бар.

Біздің миллиардерлердің тапқан-таянғанын қалай жұмсайтыны да қызық. Өткенде ғана Қазақстанның синагогаларының көптігін мақтап кеткен футболист Йосси Шекель бұл "игіліктің" "крышасы" кім екенін жаһанға жар салған жоқ. Қазақстанның барлық қалаларындағы ең көрікті жерлерге синагогаларды қос-қостан тұрғызып тастаған атымтай жомартыңыздың аты - Александр Машкевич. Өзі құрып, қаржыландыратын "Еуро-Азиялық еврейлер конгресінің" президенті. Бұл ұйымның бұрынғы КСРО, Жапония, Үндістан, Океания елдері - 28 мемлекеттегі еврейлердің бірлестіктерін қолдайтынын айтса, арғы жағы түсінікті шығар.

Қазақстанда қайырымдылыққа бір тиын жұмсамаған Машкевич мырза британдық еврейлер қоғамына дәулетінен аямай-ақ жырып бере салды. Кезінде "Алты мешіт салдым, бір храм салдым" деп мақтанатын Машкевич ұлтшылдығына баспай, Қазақстанның жалпы халқына жаны ашыса, одан да артық жақсылық жасар еді. Ал ағамыздың Израиль азаматтығын алып, тайып тұрғаны өзін асыраған, өсіріп, жетілдірген елге деген "алғысы" деп білерсіз. Ең сорақысы, Машкевич еврейдің ортасында отырып-ақ қазақтың бар байлығын еврейге таратып отыр. Қазақтың жеріне кенедей жабысып қалып қойған "группировкасын" айтпағанның өзінде.

Ал "машканың" қандыкөйлек досы Патох Шодиев жақында ғана әлемді аузына қаратты. Сонда қайтті дейсіз ғой, 3 млн. долларға айдаладағы жапонның 104 кимоносын сатып алды. Алсын, жапон мәдениетіне жаны ашып бара жатса. Бірақ сол 3 млн. долларға қанша қазақты жарылқап тастауға болады?

Қанша баланы шет елде емдетіп, қанша бала-бақша, мектеп салуға болар еді? Қазақтың жерінде өсіп-өніп, байып-тойып алған Патохтың оны ойлайтын мұршасы жоқ, Куршевельде ысқырып жатыр қазір.

"Алтын трионың" үшінші мүшесі - Алиджан Ибрагимов қана Қазақстанды "қимай" жүр. Осы үштікке ENRC корпорациясы акциясының 45 пайызы тиесілі (Қазақстан үкіметіне 20 пайызы ғана). Негізгі салалары - феррохром, ферроерітінділер, темір рудасы, глинозем, алюминий, көмір, электр энергиясы, мыс, кобальт... Корпорацияның жылдық айналымы - 6 трлн. 605 млн. доллар! Және қазақтың байлығына бір қолды салды ма, бұл корпорация одан айырыла қалады деп ойламаңыз. Қазақтың еврей, ұйғыр, өзбекке осы жем болғаны - болған.

Ұмытып барады екенбіз, былтыр ғана қызық болды. Алиджан-ака Цюрих көлінің жағасындағы ат шаптыруға болатын (4 мың шаршы метр) сарай сатып алыпты. Онда бас сұқпағалы көп болса керек,  сквотерлер (қаңғыған жастар) басып кіріпті. Миллиардердің іштарлығын қарамайсың ба, "ендеше, мә, сендерге!" деп, арнайы жұмысшылар жалдап, өз сарайының, есік-терезесін шағып, санитарлық құбырларының бәрін бұзғызып тастаған екен. Енді ойлайсың да. Одан да Қазақстанда 4 мың шаршы метрлік бір үй салса, қанша қазақ жарып қалар еді?!

Уоррен Баффеттің "алтын ережелерінде": "Тұрмыста неғұрлым қарапайым бол" деген ұстаным бар.

Осы үштіктің жақын сыбайласы саналса да, ең "дұрысы" Владимир Ким шығар. Әлгілер сияқты көрші мемлекеттерден қоныс аудармай, Оңтүстік Қазақстан облысының Мырзакентінде өскен. Бір дерек: бір кезде қазақ жеріне босып келген эмигранттың бүгінгі ұрпағы қазір ең дәулетті оңтүстік-кореялық кәріс ("Hyundai Motors" иесі) Чун Мон Куден де бай. Қазір ол "Қазақмыс" акциясының 38 пайызына ие. Басқа "әріптестерінен" бір ерекшелігі, 2002 жылы "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесіне енген. Әйтеуір, жол салған, аурухана мен мектеп салған жалғыз миллиардер - осы.

Қайырымдылық дегеннен қарапайымдылық еске түседі. Мысалы, Уоррен Баффеттің "алтын ережелерінде": "Тұрмыста неғұрлым қарапайым бол" деген ұстаным бар. Жоқ, біздің олигархтар өйте алмайды. Ататүріктің яхтасында "еуразиялықтардың" (Машкевич, Ибрагимов, Шодиев) бордель жасап, абыройы айрандай төгілгені ел есінен кеткен жоқ. "Елдің баласына" қараңызшы.

Америкалық миллиардерлер: филантроп Дэвид Рокфеллер, режиссер Джордж Лукас, CNN компаниясының негізін қалаушы Тэд Тернер, Нью-Йорк мэрі Майкл Блумберг және Microsoft-тың негізін салушылардың бірі Пол Аллен дәулетінің жартысын көзінің тірісінде-ақ қайырымдылыққа бөлді. Ол аз десеңіз, Уоррен Баффет мал-мүлкінің 99 пайызын, Билл Гейтс 99,8 пайызын қайырымдылыққа мұра қылып қалдырып жатыр. "Интеррос" холдингінің президенті, ресейлік миллиардер Владимир Потанин де "Мен жинаған капитал мұрагерлікпен берілмеу керек. 10 жылдан кейін ол қайырымдылық қорға аударылады" деді. Ал біздің "нувориштерден" осындай парасат күте аламыз ба? Қайырымдылық түгілі, бар байлықты құлқынынан өткізіп жіберіп, "Қазақстаннан гөрі жақсырақ" елдерге бой түзеп жатқан жоқ па?

Байлықта ұлт болмайды екен ғой. Шет елде жүріп жатқан "миллиардерлеріміздің" қатарында "өз" Өтемұратовымыз да бар емес пе. Мәскеуде немесе Венада бола қалсаңыз, "Ритц Карлтон" қонақүйін таңдаңыз. Өйткені олардың иесі - Болат Өтемұратов деген бауырымыз. Ол өзінің жұлдызды жолын 1982 жылы "Юбилейный" гастрономының бастығынан бастаған. Президенттің көмекшісі, бірнеше  рет іс басқарушысы сияқты қызметтер атқарады. Енді 2012-нің миллиардерлер қатарында жүр...

Айтпақшы, "неөжели" 6 қыз бен екі ұлдың әкесі, әлі қырықтың қырқасындағы қылпылдап тұрған Нұржан Сұбханбердин кедейленіп қалды деп отырған шығарсыз. Бір жыл бұрын ғана "Форбста" 1,1 млрд. доллар капиталымен Қазақстанда №5, Жер шарында №1140 деп танылмап па еді ол? Аз-ақ уақытта "Қазкоммерцбанк" сонша құлдилап кеткені ме?  Шындығында осы күнге дейін бұл - Қазақстандағы №1 коммерциялық банк болып тұр. "Өзіндік капиталы 413,7 млрд. теңге, ал активтері 2688,1 млрд. теңге" дейді білетіндер. Ал осынау иен байлықтың 9,32 пайызы жалғыз Сұбханбердинге тиесілі. Өзге ірі акционерлердің бәрі - ұйымдар мен мемлекет (21,26 пайыз).

"Форбста" аты аталған екінші банкиріміз - Бақыт Байсейітов.  "Центркредит" банкінің бастығы. 2009 жылы "ұлы тізімге" қосылып, жиған-тергені 1 млрд.-қа жетті. Өзіндік капитал 84,8 млрд., активтері 1 224,6 млрд. теңгеге бағаланатын "Центркредиттің" 25, 1 пайызы Бәкеңнің қалтасында тұр. Ендеше олардың бәрі (және де есімі әлі тіркелмеген қанша олигархымыз) терімшілікпен айналысып кеткен жоқ. Қанша беделді басылым болса да, "Форбс" қойын-қоныштағының бәрін есептей алмайды. Құдайшылығын айтайық, Қазақстанда әл-әзір үш-ақ миллиардер бар дегенге сенбейміз.

Содан кейін ғой, Машкевичтің "дәулетіңіз қанша?" деп сұраса, "миллиардтың артық-кемі бар ма?" деп, өзеуреп жүргені

Оның бәрін неменеге айтып отырсың дейсіз ғой. Біреудің байлығын айта бергеннен өзің байып кетпейсің. Бір жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: "Неге біздің Қазақстанда бүкіл әлем бойынша соншама миллиардер бар? Өйткені Қазақстанда олардың өз таланттарын дамытуға мүмкіндік бар" депті. Рас сөз ғой. "Халықты тонау" деген талант болса, оның өсіп-өркендеуіне барлық жағдайлар жасалған. Тек қана алға!

Содан кейін ғой, Машкевичтің "дәулетіңіз қанша?" деп сұраса, "миллиардтың артық-кемі бар ма?" деп, өзеуреп жүргені... Айтпақшы, газетіміз арқылы Александр ағамызды қызының ұзатылуымен құттықтаймыз. Қазақтың қазынасы су жаңа күйеу балаңыздың құлқынына да майдай жағарына сеніміміз кәміл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/215127-baj-men-kedejdin-arasy-tym-alshaktap-barady/