Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржы нарығына қандай қауіп бар: Ұлттық банк түсініктеме берді

Жарияланған күні:

Қаржы кестесі
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлттық банк AlmaU университетінде пікірсайыс сараптамалық-талдау клубының отырысын өткізді. Басқосуды бас банк ғалымдар мен сарапшылардың пікірін бір алаңда тоғыстыру үшін арнайы ұйымдастырған.

Кездесуді Ұлттық банк төрағасының орынбасары-Алматыдағы қаржы құрылымының тұрақты өкілдігінің басшысы Виталий Тутушкин ашты. Ол өз сөзінде Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есепке тоқталып, құжаттың алғаш рет 2006 жылы жарияланғанын еске салды. Сондай-ақ қаржылық тұрақтылық туралы есеп Ұлттық банктің негізгі құжаттарының бірі екенін ерекше атап өтті.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сөзінше мұндай іс-шаралар жыл сайын өтіп, қатысушыларға зерттеулер мен талдамалық жұмыстар етене таныстырылады.

"Біз әр түрлі байланыс форматтарын қолданамыз. Жылына бір рет Ұлттық банк макроэкономикалық ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Оның форматы кеңірек. Бүгінгі жоба басқа форматта. Яғни біздің зерттеулеріміз бен аналитикалық жұмыстарымызды жақын таныстыратын, конференциялар мен талқылауларға жақын. Іс-шараның бұл форматы барлығына ұнайды деп үміттенемін. Көңілдеріңізден шықса тұрақты түрде жалғасады. Жалпы, біз жоғары оқу орындарымен және академиялық топтармен ынтымақтастықты одан әрі дамытқымыз келеді", - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ақылжан Баймағамбетов қаржылық тұрақтылық туралы есеп құрылымына қатысты да ойын білдірді. Айтуынша, қазіргі есеп қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдеріне бағытталған. Сондай-ақ қауіп-қатерлерге байланысты қаржылық тұрақтылықтың болашағы туралы түсініктеме беріледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов құжатты дайындауға агенттік те белсенді атсалысқанын айтты.

"Бұл құжат қаржы нарығындағы жағдайдың ықтимал сценарийлері бойынша болжам жасауға мүмкіндік береді", - деді ол.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк өкілдері 2023 жылғы есептің нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Қаржы тұрақтылығы және зерттеулер департаменті директорының орынбасары Жандос Ыбыраев қаржы нарығының тұрақтылық жағдайларына мониторинг жүргізу бойынша жаңа индекстер әзірленгенін атап өтті. Бұл әдістеме тұрақсыздықтың алдын алуға ерте мүмкіндік беретінін түсіндірді.

Айта кетейік, талқылауға кәсіби мамандар, жоғары оқу орындарының академиктері мен оқытушылар қатысты. Бұл Ұлттық банк өкілдеріне қаржы нарығындағы қазіргі жағдай бойынша жан-жақты көзқараспен танысып, түрлі тың ұсыныстар алуға мүмкіндік берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2159442-qarzhy-narygyna-qandai-qauip-bar-ulttyq-bank-tusinikteme-berdi/