Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл жерде лобби бар сияқты": депутат Аймағамбетов салық жеңілдігіне қатысты күмәнін жеткізді

Жарияланған күні:

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілісте өткен жаңа Салық кодексінің таныстырылымында депутат Асхат Аймағамбетов салық жеңілдігінің астарында лобби жатыр ма деп күмәнданатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Депутат Асхат Аймағамбетов 9,5 трлн теңге салық бюджетке түспей отырғанын айтып, вице-министрлерден бюджетте ақша тапшы кезде мұнай жеңілдік не үшін жасалғанын сұрады.

"Біз 2025 жылдың бюджетін қарадық. Онкологияны емдеуге бөлінетін қаржыдан 20 млрд теңгені азайтып жатыр, гемодиализді азайтып жатыр. Өлейін деп жатқан адамды бағатын паллиативті көмекті азайтып жатыр. Неге қысқартты десек, бюджетте ақша жоқ дейді. Онда неге жылына 9,5 трлн теңге салық жеңілдігін жасап отырмыз? Осының кесірінен осынша ақша түспейді", - деді депутат.

Ол "бюджетке салықтан түсуі керек қаржының 6,2 трлн теңгесі салық жеңілдігі емес" деген министрлік ақпаратына күмән келтірді.

"Президент осы жеңілдіктерді азайт деген уақытта министрлік оның 6,2 трлн теңгесі жеңілдіктер емес дейді. Оны қалай түсінуге болады? Оның әдістемесі қандай? Егер бюджетке қаражат түспесе, ол салық жеңілдігі жасалғаннан түспей отыр деп ойлаймын. Екіншіден, қысқартып жатқаны 20 пайыз ғана. Бұл формалды жеңілдіктер. Сонда ең керек салық жеңілдіктері қысқартылып жатқан жоқ. Қысқартылып жатқан жеңілдіктер әйтеуір 20 пайызды қысқарту керек деген бағытта жасалып жатқандай. Дәл осындай ақпарат біздің қолымызда бар. Ол рас па, өтірік пе, тексеру керек. Бұл жерде лобби бар сияқты", - деді депутат.

Сондай-ақ депутат Мархаббат Жайымбетов өткен талқылауда салық жеңілдіктерін алып тастаймыз деп келісіп, министрлік неге алмай қойғанын сұрады.

"Біз өткен таныстырылымда депутаттармен барлық салық жеңілдігін алып тастау жөнінде келіскен едік. 9,5 трлн теңгені бюджетке қайтару керек шығар. Енді сіз 1,3 трлн теңгені ғана қысқартып әкеліп отырсыз. Салық жеңілдігі керек болса, министрліктегілер немесе эксперттер сол жеңілдіктердің қажет екенін осы жерге келіп дәлелдесін. Дәрі-дәрмекке салық жеңілдігін жасағанмен, бағасы түсіп тұрған жоқ. Тұрғын үйдің де бағасы да түспейді. Бізден ұсыныс болған еді. Сол не болып жатыр?"- деді Жаймыбетов.

Әмрин қысқартылған салық жеңілдігі ауадағы формалды ақша емес, нақты бюджетке түсетін қаржы екенін айтты.

"1,3 триллион салық жеңілдігін азайттық. Оның ішінде 56 пайызы 706 млрд теңге қаржылық сектор төлейтін салық, оның ішінде 370 млрд теңге қаржылық қызмет көрсету секторы. 430 млрд денсаулық сақтау саласындағы дәрі жасау секторынан түсетін салық, сосын құрылыс саласы жаңадан құрылыс салатын компанияларға берілетін салық жеңілдігі бар. Бұл нақты бюджетке түсетін ақша, ауадағы ақша емес", - деді ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2162503-bul-zherde-lobbi-bar-siiaqty-deputat-aimagambetov-salyq-zhengildigine-qatysty-kumanin-zhetkizdi/