Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшпенділер ойындары Қазақстан экономикасына қанша қаражат әкелді

Жарияланған күні:

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жабылу салтанаты
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жабылу салтанаты. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Туризм және спорт министрлігі өткен екі аптада Қазақстанға жарты миллионнан астам шетелдік турист келгенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметтерге сәйкес, 1-13 қыркүйек аралығында елге 597 мың шетелдік турист келген.

Олардың 68 мыңы Астана мен Алматы әуежайлары арқылы келсе, 529 мыңы жерүсті көлігімен келген. Ең көп турист Қытайдан (33 мыңнан астам), Үндістаннан (6 мыңнан астам) және Германиядан (4 мыңнан астам) келген.

Шетелдік қонақтардың жалпы шығындары 15,5 миллион доллар (7,5 миллиард теңге) болды. Алыс шетелдерден келген туристердің орташа шығындары 1500 доллар болған.

"8-13 қыркүйек аралығында Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстан экономикасына 625 мың доллар әкелді. Этноауыл мен шараның өзіне 250 мыңнан астам көрермен келген", - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, 8 қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі өтті. "Астана Арена" стадионында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Шараның қонақтары ретінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстанның халық мәслихаты төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының басшысы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев қатысты.

Салтанатты рәсімде әнші Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетті. Ол жаңа "Киелі мекен" композициясын орындады. Сонымен қатар 89 ел спортшыларының шеруі өтті.

Ойындар 13 қыркүйекте аяқталды. Қорытындысы бойынша, медальдар кестесінде Қазақстан 115 медальмен бірінші орын алды. Екінші және үшінші орындарды Қырғызстан мен Өзбекстан иеленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2163405-koshpendiler-oiyndary-qazaqstan-ekonomikasyna-qansha-qarazhat-akeldi/