Базалық ставканың траекториясын жариялаудың тиімділігі қандай
Жарияланған күні:
Енді Ұлттық банк базалық ставканың келешек траекториясын жариялап отырады. Бұл туралы орталық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеген еді. Ұлттық банк не үшін мұндай байлам жасады? Қабылданған шешімнің халыққа берері мен бизнеске ықпалы қандай? Базалық мөлшерлеменің келешек траекториясы қалай қалыптасады? Енді бәрін рет-ретімен түсіндірсек.
Алдымен Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық ставкаға қатысты шешім қабылдағанда қандай факторларға сүйенетінін түсіндірсек. Тұтынатын тауарлар мен қызметтер құнын айқындап, оларды бақылауда ұстау үшін базалық ставка қолданылады. Бас банк бір жылда базалық мөлшерлемеге қатысты 8 рет шешім қабылдайды. Байлам жасардағы негізгі мақсат өгеріссіз. Яғни бағаны бақылауда ұстап, инфляцияның ырықтан шығып кетпеуін қадағалау. Сол үшін Ұлттық Банк қатаң ақша-кредит саясатын ұстануды жалғастырып келеді. Бұл инфляцияның 5 пайыздық деңгейге түсуіне ықпал етуге тиіс. Әрдайым инфляциялық тәуекелдерді ескеріп отырған орталық банк базалық мөлшерлемені жыл соңына дейін өзгеріссіз қалдыруы әбден мүмкін. Осындай сәтте қалыптасқан жағдайды тиімді бағалау, Ұлттық банктің алдағы қадамдарына жасалған болжамды яғни базалық ставканың траекториясын жариялау үлкен маңызға ие.
Базалық ставканың траекториясына болжам алдағы үш жылға жасалады. Ақша-кредит саясатының бұл бағалауына сүйеніп, банктер алдағы қадамдарын жоспарлайды. Қарапайым тілмен айтқанда, банктер бас банк бекіткен базалық ставканы негізге алып, оның траекториясын ескеріп, өздерінің жеке-дара саясатына сәйкестендіріп, қарапайым халыққа қаржылық өнімдерін ұсынады. Демек бұл қадам ел экономикасына ғана емес қалың бұқараның қалтасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар траекторияны жариялау нарықтағы қаржылық және нақты активтердің құнын анықтауға көмектесін құрал ретінде қарастыруға болады.
Банктерге негізделген қаржы жүйесінде кредит, депозиттердің басқа да қаржы құралдарының құны экономикадағы барлық процестердің құнын анықтауға әсерін тигізеді. Мысалы банк кредит бергенде қаражаттың құны кәсіпорын өндірісіне, оның өнімінің бағасына салмақ салады. Соңында сол тауарды сатып алатын тұтынушы қандай бағамен алады деген сауал туындайды. Бұл тұтынуды шектеуге әкелуі де мүмкін. Осы факторлардың барлығы айналып келгенде базалық ставканың қалай бекітілуіне тәуелді. Сондықтан Бас банк базалық мөлшерлемінің траекториясын жариялауды жөн санады.
Бұл шешімді қабылдарда зерттеу жұмыстарына бір жылдан артық уақыт жұмсалды. Егжей-тегжей талдау жасалып, ньюнстардың барлығы ескерілді. Бұл ретте шешімнің халыққа ықпалы мен бизнеске берері де басты назарда болды. Халықаралық тәжірибелер қаперге алынды.
Мәселен мұндай қадам жасаған елдерді алып қарасақ, көбісі дамыған мемлекеттер. Олардың барлығы инфлялық таргеттеу режиміне көшкен. Ақша-кредит саясатын үлгілі жүргізеді. Оның қатарында АҚШ, Ұлыбритания сынды алпауыттар мен Еуропаның бірқатар елдерін айтуға болады. Алысқа кетпей өзінің ақша-кредит саясатын сәтті ұйымдастырып отырған Армения, Грузияны да мысалға келтірсек болады. Көрші жатқан Өзбекстан да соңғы жылдары осындай қадамдарға көшу туралы ойларын айтып жүр. Біз де барлық трендтерді, экономикадағы тенденцияларды жіті қадағалап, зерттеп зерделеп отырамыз. Соның бір мысалы ретінде осы базалық ставканың траекториясын жариялауды айтуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2166703-bazalyq-stavkanyng-traektoriiasyn-zhariialaudyng-tiimdiligi-qandai/