Отбасы банкте баспаналы болудың жаңа механизмі іске қосылды
Жарияланған күні:
Енді "Наурыз" және "Отау" бағдарламаларының қатысушыларына баспана сатып алудың жаңа механизмі қолжетімді болып отыр. Аталған екі бағдарламаның іріктеуінен өтіп, төлем қабілетін растаған қатысушылар құрылыс салушыдан тұрғын үйді мерзімінен бұрын брондай алады. Алғашқы болып бұл мүмкіндікті алматылықтар пайдалана алады.
Отбасы банкінің алматылық клиенттері енді ерте брондау механизмінің арқасында жайлы баспана таңдай алады.
Отбасы банкінің Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова ерте брондау тетігі тұрғын үйлер пайдалануға берілгенге дейін қолданылатынын айтты. Жаңа мүмкіндіктің үлестік құрылыстан айырмашылығы – клиенттер пәтерді алдын ала брондай алады, ал несиенің өзі нысан пайдалануға тапсырылғаннан кейін беріледі.
"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңға сәйкес, үлеске қатысу шартын жасау кезінде құрылыс салушыда (құрылыс компаниясында) "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" акционерлік қоғамының кепілдігі немесе үлескерлерден ақша тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсаты болуы керек.
"Құрылыс салушының ҚТК-дан үй салынып бітпей жатқанда-ақ кепілдік алып қойған нысандары бар. Бұл уақытта біз де өз тарапымыздан ерте брондауды ашамыз. Осы мүмкіндіктің арқасында клиенттеріміз баспананы алдын ала таңдап, құрылыс салушының ипотеканы рәсімдеуге арналған құжаттары дайын болған кезде заем алу процесін бастай алады", - дейді Данагүл Түсіпова.
Филиал директоры ерте брондау механизмі "Отау" және "Наурыз" бағдарламаларының тізіміне енген, яғни іріктеу кезеңдерінен өтіп, төлем қабілетін растаған клиенттерге қолжетімді екенін атап өтті.
"Екінші кезеңнен өткен соң клиенттерге баспана табуға уақыт беріледі. Бағдарламаға қатысушы жаңадан салынған үйден пәтерді Baspana Market порталында (otbasybank.kz) таңдайды. Онда еліміздің шамамен барлық аймақтары бойынша нысандар ұсынылған.
Клиент тұрғын үй сатып алғысы келетін аймақты таңдауы керек, оның назарына брондау үшін ең көп пәтерлі тұрғын үй кешендері ұсынылады. Жақында сайтта "брондау" бөлімінің қатарына "ерте брондау" бөлімі қосылды, онда алдын ала брондауға болатын нысандарды көруге болады", - дейді Данагүл Түсіпова.
Қазіргі таңда ерте брондау механизмімен пәтер алуға Алматы қаласы Медеу ауданы Халиуллин көшесінде орналасқан Arman City тұрғын үй кешені қолжетімді. Сондай-ақ келешекте ерте брондауға қаланың батыс бөлігіндегі жаңа тұрғын үй кешендері қосылады.
Данагүл Түсіпованың айтуынша, ерте брондауға болатын тұрғын үй кешендеріне бейнешолулар Отбасы банктің Instagram-дағы аккаунтына жедел жүктелмек.
"Клиенттер баспана табуға берілетін уақытты ескерулері керек. Бұл төлем қабілетін растау үшін құжаттарды тапсырған күнге байланысты.
"Алдын ала брондау" бөлімінде нысанды пайдалануға беру мерзімдері көрсетілген. Егер тұрғын үйді іздеу мерзімі нысанды пайдалануға беру мерзіміне сәйкес келсе, онда біздің клиент пәтерді алдын ала брондай алады. Мысалы, Arman City тұрғын үй кешені 2024 жылдың қарашасында пайдалануға беріледі, осылайша клиенттер аталмыш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді осы уақытта брондап үлгереді", - деп түсіндірді банктің алматылық филиалының директоры.
Отбасы банкте ерте брондау механизмімен тұрғын үй сатып алу үшін клиент не істеуі керек?
- Құрылыс компаниясының сату бөліміне хабарласып, пәтерді таңдап, ерте брондау шартын жасау;
- Тұрғын үйді таңдаған соң, үш жақты келісімшарт жасау үшін Отбасы банк филиалына келу қажет. Банк келісім формасын дайындап, шарттың үш данасы клиентке қол қоюға беріледі;
- Нысанды пайдалануға бергенге дейін баспана құнының 20 пайыз бастапқы жарнасын құю;
- Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, Baspana Market порталында бұрын таңдалған пәтерді брондап, заемға өтініш беру.
Басқа аймақтарда ерте брондау опциясы құрылыс компаниялары өз нысандарын Отбасы банк бағдарламаларының қатысушыларына ұсынуға дайын болған кезде ашылады.
Қазіргі күннің өзінде "Наурыз" бағдарламасының аясында 2 900 қазақстандық отбасы баспаналы болса, "Отау" бағдарламасы арқылы 1890 адам заем ала алды.
Төрт мыңға жуық адам несиеге рұқсат алып, сатып алуға лайықты баспана іздеп жатыр.
Аталған жандар үшін Baspana Market порталында (otbasybank.kz) 621 тұрғын үй кешеніндегі 9136 пәтердің кез келгенін брондауға болады. Алматылықтар үшін 328 пәтерлік 88 кешен бар.
Сондай-ақ "Наурыз" бағдарламасы туралы толығырақ https://special.nur.kz/otbasy-2024 арнайы жобамыздан біле аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2167573-otbasy-bankte-baspanaly-boludyng-zhanga-mehanizmi-iske-qosyldy/