Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда кең таралған депозиттерден түсетін орташа ставка төмендеген

Жарияланған күні:

Ақша
Ақша. Көрнекі сурет: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қыркүйекте бірқатар қазақстандық банк өз депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін қайта төмендетті. Нәтижесінде ең кең таралған депозиттердің орташа ставкасы төмендеді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстандағы депозиттер – халыққа өз жинағын сақтап, көбейтуге мүмкіндік беретін кең таралған тәсілдердің бірі. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, тек жеке тұлғалардың депозитінде жиналған қаражаттың жалпы сомасы 22 трлн теңгеден асқан. Бұл ретте депозиттерге деген қызығушылық бұрынғыдай емес – біршама төмендеген.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) мәліметінше, биылғы қыркүйекте салымшылар арасында ең кең таралған мерзімсіз депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме 14,1%-дан 14%-ға дейін түскен.

Қордың мәлімдеуінше, көрсеткіштің бұлай төмендеуі екі банктің өз депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін 0,7 пайыздық тармаққа (п.т.) және 0,4 п.т. қысқартқанына байланысты болып отыр.

Негізі, мұндай салымды екінші деңгейлі 16 банктен ашуға болады – қыркүйек айында жеке тұлғаларға арналған мерзімсіз депозиттердің мөлшерлемелері 13,5%-дан 14,7%-ға дейінгі аралықты көрсетіп отырған.

Мерзімсіз депозиттер бойынша банктер ұсынған ставка
Мерзімсіз депозиттер бойынша банктер ұсынған ставка (2024 ж. қыркүйек). Инфографика: Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры

Кейінгі уақытта халық көп жүгініп жүрген жинақ депозиттеріне келетін болсақ, банктер бұларға қатысты біркелкі әрекет етіп жатқан жоқ.

Толықтыруға болатын жинақ депозиттерін ұсынатын 9 қатысушы банктің ішінен:

  • 1 банк 6 айлық депозит бойынша мөлшерлемесін 1 п.т. төмендеткен;
  • 1 банк барлық мерзім бойынша мөлшерлемесін көтерген.

Толықтыру құқығы жоқ жинақ депозиттерін ұсынатын 11 қатысушы банк ішінен:

  • 1 банк 3 және 6 айлық мерзім бойынша мөлшерлемесін сәйкесінше 1 п.т. және 0,5 п.т. азайтқан;
  • 1 банк 3, 6 және 12 айлық мерзім бойынша мөлшерлемесін тиісінше 0,8 п.т., 1 п.т. және 0,5 п.т. төмендеткен;
  • 1 банк 6 айлық мерзім бойынша мөлшерлемесін 0,3 п.т. көтерген;
  • 1 банк барлық мерзім бойынша мөлшерлемесін 1,0-ден 2,2 п.т. аралығында көтерген.

Қыркүйек айында толықтыру құқығы бар жинақ депозиттердің мөлшерлемесі 5,1%-16,5% аралығын, толықтыру құқығы жоқ депозиттердің мөлшерлемесі 6,3%-18,4% аралығын көрсеткен. Мерзімді депозиттердің қызметіне қазақстандықтар көп жүгінбейтін болып шықты.

Өткен айда мұндай депозиттерді ашу мүмкіндігін тек 4 банк ұсынған, біреуі 6 айлық депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 0,6 п.т. төмендеткен. Қыркүйекте бұл депозиттердің мөлшерлемесі 7% - 16,4% аралығын көрсеткен.

Қорыта айтқанда, кей банк салымдарына деген халықтың қызығушылығы біршама азайған. Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені төмендету арқылы ақша-несие саясатын жұмсарта беретін болса, бұл процесс одан әрі үдеуі мүмкін.

Материал авторы: Назгүл Назар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2170891-qazaqstanda-keng-taralgan-depozitterden-tusetin-ortasha-stavka-tomendegen/