Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үлескерлер ақшасынан айырылып қалмауы үшін қандай ережелерді білгені жөн

Жарияланған күні:

Баспана
Баспана. Көрнекі фото: pixabay.com

Жаңа үй сатып алғанда жинаған қаражатыңыздан айырылып, баспанасыз қалмау үшін ақшаңызды қорғау және құрылыс салушыны тексеру бойынша бірқатар ережені есте ұстаған жөн. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жаңа салынып жатқан үйді таңдау – құрылыс кезінде пәтерлер арзанырақ болатындықтан сатып алудың ең тиімді нұсқаларының бірі. Әдетте нысанның бір шаршы метрінің бағасы пайдалануға беру мерзімі жақындаған сайын өсе бастайды. Алайда бір қарағанда тиімді көрінген инвестиция үлескерлер үшін ақшадан айырылып қалу қаупіне де айналуы мүмкін. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде болған – үлескерлер 367 млн теңге салып, бесқабатты үй құрылысы ақыры аяқсыз қалған. Осыған ұқсас жағдайлардың алдын алу үшін мына ережелерді білген жөн.

Келісімшарттың бір ғана түрі болуы керек

Үлескерлер үшін тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік беретін жалғыз құжат – "тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты". Оның мазмұны "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңның төртінші бөлімінде көрсетілген. Құрылыс компаниялары ұсынатын басқа келісімшарт түрлері компания банкрот болса, не құрылысы тоқтап қалса, тиісті қорғауды қамтамасыз етпейді. Ондай келісімшарттарға мыналар жатады: "брондау шарты", «-"алдын ала жасалған келісімшарт", "құрылыс жүріп жатқан тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша келісімшарт", "цессия, жаңартпа, қарыз шарттары" және т.б.

Мұндай құжаттар жасасу арқылы құрылысы жүріп жатқан пәтерді сатып алуға келіскен қазақстандықтар ақшадан айырылып қалу қаупін өз мойнына алады. Сол үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартын рәсімдеуді талап ету маңызды. Бұл келісімшартты тек тиісті рұқсаты бар құрылыс компаниялары ғана жасай алады.

Құрылысқа жауапты компанияны міндетті түрде тексеріңіз

Құрылыс компаниялары сатып алушыларды қызықтыру үшін тұрғын үй бағасын бөліп төлеу, жеңілдіктер сияқты әртүрлі шарттар ұсынуы мүмкін. Алайда ұсыныс сізге тым тиімді көрінсе (мысалы, нарықтық бағадан айтарлықтай төмен делік), демек мұнда кепілдігі жоқ, сізді тәуекелге баруға мәжбүрлейтін дүние бар болуы мүмкін. Мысалы, бұл құрылыс компаниясының қаржылық қиындықтарға тап болғанын немесе өз қаражаты есебінен аяқтай алмай жатқан құрылысын аяқтау үшін қаражат тартып жатқанын білдіруі мүмкін.

Өте төмен баға ұсынатын құрылыс компаниялары банкротқа ұшырау алдында тұруы немесе күмәнді схемаларды пайдаланып жатқан болуы мүмкін. Сонымен қатар құрылыс компаниясының еңбек өтіліне, тәжірибесіне, интернетте жұмысына қатысты пікірлердің болуына және қандай да бір сот процестерінің бар-жоғына назар аудару керек. Сенімді құрылыс компаниялары әдетте сатып алушылармен ашық байланыста болады, құрылыс барысы туралы ақпаратты толық қамтамасыз етіп, кері байланыс беріп отырады.

Құрылыс компаниясының және нысанның үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты бар-жоғын тексеру де өте маңызды. Мына құжаттары бар компаниялар ғана құрылыстың аяқталатынына толық кепілдік бере алады ("Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының 3-бөлімі):

Қазақстан Тұрғын үй компаниясынан кепілдік – құрылыс компаниясының тиісті келісімшарты болуы керек және оны сатып алушының сұрауы бойынша көрсетуге міндетті. Құрылыс компаниясы белгілі бір талаптарға сәйкес келсе ғана рұқсат беріледі (көппәтерлі тұрғын үйлерді салу тәжірибесі, құрылыс көлемдері, активтердің болуы және т.б.);

Жобаға екінші деңгейлі банктердің қатысуы – құрылыс компаниясы мен тұрғын үйді сатумен айналысатын уәкілетті компания талаптарға толық сәйкес келсе, олар көппәтерлі тұрғын үй құрылысының аяқталуы үшін қажет сомада қаржыландыру шешімін алу үшін банкке жүгінеді. Әрі қарай тиісті рұқсатты әкімдіктен алады.

Тұрғын үй қаңқасы тұрғызылғаннан кейінгі әкімдік рұқсаты – құрылыс компаниясы тәжірибеге, қажет құжаттарға, активтерге және көппәтерлі үйдің қаңқасы болуына қойылатын талаптарға сәйкес болған жағдайда ғана әкімдік үлескерлердің ақшасын алуға рұқсат бере алады.

Басқаша айтқанда, құрылысқа жауапты компаниялар үлескерлерден ақша алуға рұқсаты барын растайтын құжаттарды сатып алушыға көрсетуге тиіс. Жаңа салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу шарттарының басқа түрлері ұсынылса, демек қауіп бар деген сөз.

Автор: Назгүл Назар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2171395-uleskerler-aqshasynan-aiyrylyp-qalmauy-ushin-qandai-erezhelerdi-bilgeni-zhon/