Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне қандай айыппұл салынады

Жарияланған күні:

Мопед жүргізушісі
Мопед жүргізушісі. Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандық мопед жүргізушілері келер жылдан бастап көлігін тіркеуі керек. Алдағы уақытта жол ережесін бұзғаны үшін мопед иелеріне де айыппұл салынады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазір Қазақстанда мопедтер тіркеуден өткізілмейді және нөмірленбейді де. Оны жүргізу үшін жүргізуші куәлігі де қажет емес. Өйткені мопед жүргізушілері жаяу жүргіншілермен теңестірілген. Жол қозғалысы ережелерін бұзса, жазадан оңай құтылып кететіні де содан.

Бірақ жақын арада жағдай өзгереді: 3 қазанда Қазақстан президенті мопедтерді мемлекеттік тіркеуге қоюды қажет ететін көлік құралдары тізіміне қосатын заңға қол қойды. Құжат келесі жылы күшіне енеді.

Заң күшіне енгеннен кейін мопедпен жүру үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі (МТНБ), жүргізуші куәлігі талап етіледі, сондай-ақ техникалық байқаудан өтіп тұру міндеттеледі.

Сондай-ақ жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне заң алдында жауап беруге тура келеді. "Колеса" порталында жарияланған мәлімет бойынша, жүргізуші куәлігі жоқ мопед жүргізушілеріне Әкімшілік кодекстің 612-бабы бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі айыппұл (2025 жылы 19 660 теңге) салынады.

Мопедті жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізуші тізгіндесе, онда оған 50 АЕК (2025 жылы 196 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. Жүргізуші куәлігі жоқ адамға скутерді бергені үшін де осындай айыппұл қарастырылған.

Мемлекеттік тіркеу нөмірі (МТНБ) жоқ немесе мүлдем тіркелмеген мопедті тізгіндегені үшін – 10 АЕК (39 320 теңге), жалған МТНБ орнатқаны үшін – 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Техникалық байқаудан өтпеген болса, 5 АЕК (19 660 теңге) төлеу қажет болады.

Мопед жүргізушілеріне мына құқықбұзушылықтар үшін де жаза қарастырылған:

  • Тежеуішінде, рөлінде ақауы бар немесе рұқсатсыз қайта жабдықталған мопедті басқару – 15 АЕК (58 980 теңге);
  • дулығасыз жүру – 5 АЕК (19 660 теңге);
  • мас күйде мопед жүргізу – 15 тәулік әкімшілік қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру;
  • мүліктің бүлінуіне және жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген жол апатына себеп болса, 20 АЕК (78 640 теңге) немесе 6 ай көлік жүргізу куәлігінен айыру;
  • жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген жол-көлік оқиғасы үшін – 20 АЕК (78 640 теңге) немесе 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
  • жаяу жүргінші жолымен, жолдың жиегінде немесе тротуарда жүру – 15 АЕК (58 980 теңге);
  • белгілер мен таңбаларды елемеу – 3 АЕК (11 796 теңге);
  • бағдаршамның қызыл түсіне өту – 10 АЕК (39 320 теңге);
  • қауіпті жағдай тудыру – 10 АЕК (39 320 теңге);
  • жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу – 50 АЕК (196 600 теңге) немесе 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру;
  • қозғалыс кезінде телефонмен сөйлесу – 5 АЕК (19 660 теңге);
  • жылдамдықты 10-20 км/сағ-қа асыру – 5 АЕК (19 660 теңге), 20-40 км/сағатқа асыру – 10 АЕК (39 320 теңге).

Сондай-ақ мопед жүргізушілері басқа да жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл арқалайды. Мысалы, шектен тыс түтін шығаратын және шу деңгейі жоғары мопед жүргізгені үшін 2 АЕК (7 864 теңге), жазғы дөңгелек, ақауы бар глушитель немесе стандартқа сәйкес келмейтін фаралар үшін 5 АЕК (19 660 теңге) төлеуі қажет.

Скутерлерді заңдастыру 2025 жылғы сәуірде басталады. Оған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігінде мопедтерді тіркеуге заңды негіз жоқ.

Демек қазақстандықтарда ЖҚЕ меңгеріп, А1 категориялы жүргізуші куәлігін алуға 6 ай уақыт бар – басқа категория жүргізушілеріне ол автоматты түрде, қосымша оқытусыз беріледі.

Автор: Назгүл Назар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2171953-zhol-erezhesin-buzgan-moped-zhurgizushilerine-qandai-aiyppul-salynady/