Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астананың кейбір тұрғындарына 7-9 пайызбен ипотека үшін қайтарымсыз 1,5 млн теңге берілуі мүмкін

Жарияланған күні:

Баспана мен теңге
Баспана алу. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астанадағы "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларға ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабуға болатын тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Сертификатқа кім үміт арта алатынын KAZ.NUR.KZ тілшісі анықтап көрді.

Қазір Алматыда бастапқы жарнаны өтеу кезінде пайдалануға болатын өтеусіз тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінімдер қабылданып жатыр – оның ішінде "Наурыз" бағдарламасы да бар.

Айта кетейік, сертификаттар бұған дейін де берілген, бірақ тек "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ"бағдарламаларына қатысушылар үшін берілген болатын.

Жақын арада Астана тұрғындарына да осындай мүмкіндік берілуі мүмкін. "Ашық НҚА" порталында "Наурыз" ипотекалық бағдарламасына қатысушылар үшін тұрғын үй сертификаттарын енгізу туралы шешім жобасы жарияланды.

Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері өзгеріссіз – 1,5 млн теңге болып қалды. Сондай-ақ жобада мұндай көмекті мемлекеттен баспана алуға кезекте тұрған азаматтар ғана ала алатыны туралы шартқа баса назар аударылған.

Еске салсақ, "Наурыз" ипотекасын халықтың әлеуметтік осал тобы бойынша кезекте тұрғандар да, өзге де азаматтар ала алады. Біріншісі үшін пайыздық мөлшерлеме 7 пайыз, ал қалғандары үшін 9 пайыз болады.

Бұл ретте елорда мәслихатының шешімімен Астанада тұрғын үй сертификатын алушы атана алатын бірнеше санат бар:

  • білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала қызметкерлері;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
  • Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері;
  • халықтың әлеуметтік осал топтары.

Жоба осы жылдың 31 қазанына дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Өзгерістер қабылданса, кейбір астаналықтар 7-9 пайызбен ипотека алуға қосымша мүмкіндік алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2175350-astananyng-keibngr-turgyndaryna-7-9-paiyzben-ioptekaga-qaitarymsyz-1-5-mln-tengge-berilui-mumkin/