Неге мемлекеттің жеке банктердегі қаржысы қайтарылмай отыр
Жарияланған күні:
Үкімет отырысында депутат Ерлан Саиров елдегі бюджет тапшылығына қарамастан мемлекет ақшасы неге жеке банктерден қайтарып алынбай отырғанын сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бүгін, 30 қазанда үкімет отырысында депутат "Бюджет тапшылығы кезінде неге жеке банктердегі мемлекет ақшасы қайтарып алынбай отыр?" деген мәселе көтерді.
"Жоғарыда айтылғандай, бізде бюджет тапшылығы өте үлкен, бұл тапшылықтың бір бөлігін жабу үшін мемлекет 4 триллион теңге қарыз алып отыр. Бұл ретте Қазақстанның коммерциялық банктерінде жүздеген миллиард теңге мемлекет қаражаты жинақталған. "Халық банктің" өзінде Ұлттық қордың 500 млрд теңгесі, ал басқа жеке банктерде Ұлттық қордың 600 млрд теңгеден астам қаржысы жатыр.
Бұл – жеке банктер мемлекет ақшасына күн көретін әлемдегі жалғыз прецедент. Неге үкімет бұл ақшаны қайтарып алмайды? Ел бюджетінің мүшкіл халін ескерсек, неге бірнеше айлакер халық есебінен қалтасын қампитуы керек?" - деді депутат Саиров.
Премьер-министр Олжас Бектенов банктерге берілген мемлекеттік көмек қайтарылатынын, бірақ "күрт шешім" болмайтынын айтты.
"Екінші деңгейлі банктерге қандай жағдайда мемлекеттік көмек көрсетілгенін бәріміз білеміз. Расында өтімділік көлемі қазір екінші деңгейлі банктердің қарамағында сақтаулы, бірақ өтеу кестелері бекітілген, бұл көмекті алған барлық банк көмек алу кезінде келісілген шарттар бойынша оны уақытында өтеп отыр.
Жалпы тұрақтылыққа, оның ішінде қаржылық қиындықтары елдің қаржы-экономикалық жүйесіндегі жалпы теңгерімсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін жүйе қалыптастырушы банктердің тұрақтылығына әсер ететін мұндай күрт шешімдерді қазір қабылдау мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан бұл тұрғыда теңгерімді көзқарас қажет деп ойлаймын және бұл ақшаның барлығын үкімет біліп, көріп отыр, бірте-бірте бұл мемлекет көмегінің барлығы қайтарылады", - деді Бектенов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2180681-nege-memleketting-zheke-bankterdegi-qarzhysy-qaitarylmai-otyr/