"Жай қызметкерлерге ауыр болады": Жамаубаев министрдің сыйақы беруге тыйым салу туралы мәлімдемесіне пікір білдірді
Жарияланған күні:
Президент кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев қаржы министрі Мәди Такиевтің мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге шектеу қою туралы мәлімдемесіне пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бұрын қаржы министрі болған Жамаубаевтың сөзінше, бұл ең алдымен қарапайым қызметкерлерге ауыр тиеді.
"Өзім қаржы министрі болдым. Бұл жерде анықтап кететін мәселе бар. Бюджетте сыйақыға қаражат көзделген болса, яғни өзінің графасына, жоспарында болса, ол қаражатты ешкім алып кетпейді, сыйақы түрінде беріледі. Дегенмен мемлекеттік органдар сатып алу процесін жүргізеді ғой. Сол жерде ақша үнемделеді. Сол ақшаны Қаржы министрлігі сыйақы түрінде бермеу туралы шешім қабылдап отыр. Бірақ бұл әлі заңдастырылмаған нәрсе. Ол тек қазыналық шоттан бір-біріне ауыстырған кезде соған бөгет қоймақшы.
Бірақ қаншама адам мемлекеттік қызметте жүр. Жәй қарапаайым қызметкерлерге ауыр болады. Себебі менің өзім де одан өткенмін. Сондықтан ол жерде бір дұрыс шешім қабылдау керек. Үлкен сома емес қаражат қалып жатса, әрине, оны беруге болады. Ол ешқандай заңға қайшы емес. "Мен қарсымын" деп айта алмаймын, бірақ қазір істеліп жатқан әрекеттерді түсініп отырмын. Себебі мемлекеттің қаражатын үнемдеу үшін істеліп жатыр. Бұл жерде дұрыс шешім қабылдау керек. Жылдың аяғында уақыт бар. Сондықтан әлі шешуге болады",- деді ол.
Кеше қаржы министрі Мәди Тәкиев енді бюджет қаражатын үнемдеген мемлекеттік органдар бұл ақшаны сыйақыға аудара алмайтынын, қаржы бюджетке қайтарылатынын мәлімдеді.
Кейін Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері министрдің мәлімдемсін түсіндіріп берген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2181071-zhai-qyzmetkerlerge-auyr-bolady-zhamaubaev-ministrding-syiaqy-beruge-tyiym-salu-turaly-malimdemesine-pikir-bildirdi/