Трамптың сайлаудағы жеңісі доллар мен теңгеге қалай әсер етті
Жарияланған күні:
Читать на русскомҰлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Дональд Трамптың АҚШ-тағы президенттік сайлаудағы жеңісінен кейінгі валюта нарығындағы қазіргі жағдайды баяндады. Бұл жөнінде орталық банкке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қазіргі уақытта біз жаһандық қаржы нарықтары тым қатты құбылып тұрғанын байқап отырмыз. Бұған, әлбетте, АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі айтарлықтай ықпал етті. Дональд Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталары, соның ішінде теңге де әлсіреді. Негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы доллар бағамын көрсететін DXY индексі қыркүйек айының соңында 100,8 тармақта төмен мәнге жеткеннен кейін 5 пайызға дейін нығайып, 105,5 тармаққа дейін өсті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,2 пайызға төмендеді", - делінген Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Оның үстіне, мұнай котировкалары да қалыпты түрде төмендеп, 1 баррелі 74-75 АҚШ долларынан 71,83 АҚШ долларына дейін түсті (2024 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша). Себебі әлеуетті сауда баждары мен Д.Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан көптеп мұнай жеткізудің өзі шамадан тыс артық ұсынысқа әкеледі деген экономистердің болжамы әсер етті. Оның үстіне, қуатты доллар – қашанда шикізат тауарлары үшін негативті фактор саналады.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, сыртқы нарықтардағы құбылмалы жағдай валюта нарығына қатысушылардың қимыл-әрекетіне де әсер етеді.
"Біз шетел валютасына ұсыныс айтарлықтай төмендеп, оған деген сұраныстың бір мезгілде өскенін байқап отырмыз. Бұл өз кезегінде теңге бағамының әлсіреуіне ықпал етеді. 2024 жылғы қарашаның басынан бері ұлттық валютаның биржалық сауда-саттықтағы бағамы 1,4%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 495 теңгеге жетті", - дейді ол.
Бұдан бөлек, өкінішке қарай, спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің көбейген.
"Бұл да айырбас бағамын тым құбылтып жібереді. Өтімділік жеткіліксіз жағдайда бұл – бағамның айтарлықтай ауытқуына әкелуі мүмкін. Біз бұған дейін мәлімдегеніміздей, Ұлттық Банк ұлттық валюта бағамына тән өзгерістерге мән бере қоймайды. Өйткені мұның барлығы фундаменталды факторлармен дәйектелген. Алайда, соңғы күндердегі теңгенің құбылуына – тек қана фундаменталды факторлар ықпал етпей отырғанын айтуға мәжбүрміз. Осыған байланысты Ұлттық Банк ұлттық валютаның құбылу шамасын – шамадан тыс деп бағалайды", - дейді Әлия Молдабекова.
Еске салайық, АҚШ-та президент сайлауы 5 қарашада Астана уақыты бойынша сағат 16:00-де және жергілікті уақыт бойынша 06:00-де басталды. Бұл сайлау ел тарихындағы 60-президент сайлауы болып отыр. АҚШ-та 47-президент сайланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2186433-tramptyng-sailaudagy-zhengisi-dollar-men-tenggege-qalai-aser-etti/