2025 жылы Қазақстанда зейнетақы қаншалықты өсуі мүмкін
Жарияланған күні:
Республикалық бюджеттегі өзгерістер кейбір маңызды көрсеткіштерге, оның ішінде елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына ықпал етеді. Ал ол өз кезегінде бюджеттен бөлінетін төлемдердің өсуіне әсер етеді. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ сайтынан оқыңыз.
2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында кейбір әлеуметтік төлемдердің есептелуіне белгілі бір өзгерістер енгізіледі. Онда доллардың болжамды бағамы да қарастырылған.
Әлі қол қойылмаған заң жобасына сәйкес, мынадай көрсеткіштерді анықтау жоспарланып отыр:
- ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге болады, яғни 2024 жылғы көрсеткіштен 6,5 пайызға артық;
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңгеге дейін өседі;
- ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 000 теңге болмақ.
Ал бұл көрсеткіштер тиісінше кейбір зейнетақы төлемдерінің сомасына әсер етеді. Сондай-ақ 2025 жылы Әлеуметтік кодекске зейнетақы саласына қатысты енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Базалық зейнетақы бойынша қанша төленеді
Базалық зейнетақы төлемі еңбек өтіліне тәуелді емес, бірақ оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу уақытына байланысты:
- 10 жылдан аз болса, ең төменгі базалық зейнетақы тағайындалады, ал оның мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес 2025 жылы айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең;
- 30 жыл және одан жоғары – төлемнің ең жоғары сомасы тағайындалады, ол 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызына тең болады.
Сәйкесінше, айлық ең төменгі күнкөріс деңгейі келесі жылы 46 228 теңгеге дейін өссе, ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 32 360 теңге болуы мүмкін (2024 жылы ол 28 215 теңгеге тең).
Ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері – 50 851 теңгеге жетуі әбден мүмкін (осы жылы 45 578 теңге).
Ынтымақты зейнетақы қаншалықты өспек
Ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді.
Ынтымақты зейнетақының толық мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан қатарынан кез келген үш жылдағы орташа айлық табыстың 60 пайызына тен. Яғни, зейнеткерлікке шыққанға дейінгі кезеңде де алған жалақыны есепке алуға болады.
Осылайша, жоспарланған өзгерістерге сәйкес, бұрын тағайындалған жасы бойынша зейнетақы төлемдері (яғни, ынтымақты зейнетақылар) және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы 8,5 пайызға өседі. Ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері дәл осындай сомаға өсіп, 2025 жылы 62 771 теңгеге жетуі мүмкін (2024 жылы 57 853 теңге).
Алайда жоғарыда айтылған төлемді толық алу тиісті жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана мүмкін болатынын есте ұстаған жөн:
- әйелдер – 20 жыл;
- ерлер – 25 жыл.
Ал еңбек өтілі қысқа болса, сәйкесінше ең төменгі ортақ зейнетақының мөлшері де азаяды. Жаңа зейнеткерлерге тағайындалатын ортақ зейнетақының ең жоғары мөлшері төлемдерді есептеу үшін пайдаланылатын табыс сомасына байланысты болады. Ол 55 АЕК-тен аспауы керек (2025 жылы 216 260 теңге).
Ынтымақты зейнетақының жаңа түрі
2024 жылы болашақта ынтымақты төлемдерді алмастыруы тиіс жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖБМЗЖ) енгізілді. Аталмыш төлем түрі 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған қазақстандықтарға тағайындалды.
Биыл жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен шартты зейнетақы шоттарына қызметкерлердің жалақысының 1,5 пайызын аударған болса, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 2,5 пайызға дейін өседі (Әлеуметтік кодекстің 251-бабы).
ЖБМЗЖ-ні есептеу үшін ең төменгі сома 2025 жылы 85 000 теңге болуы мүмкін ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) тең. Ал есептеуге арналған соманың ең жоғары мәні 50 ЕТЖ мөлшерінен – 4 250 000 теңгеден аспауы керек.
БЖЗҚ-дан ең төменгі төлем
БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері арнайы әдістеме бойынша белгіленеді. Оның мәні ең төменгі күнкөріс деңгейігің 70 пайызынан төмен болмауы керек. Сәйкесінше, 2025 жылы қазақстандықтардың жинақ ақшасынан қалыптасатын ең төменгі төлем 32 360 теңге болуы мүмкін. Зейнетақы аннуитетіне бірдей ең төменгі сома тағайындалады.
Ал егер зейнетақы тағайындау кезінде БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттың мөлшері ең төменгі ортақ зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса (2025 жылы 753 252 теңге), онда оның барлығы бір уақытта төленеді.
Осылайша, 2025 жылы әлеуметтік көрсеткіштердегі жоспарлы өзгерістерге байланысты түрлі зейнетақы төлемдерінің мөлшері де артады. Алайда 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға әлі қол қойылмағанын еске саламыз.
Автор: Динар Мұрат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2187792-2025-zhyly-qazaqstanda-zeinetaqy-qanshalyqty-osui-mumkin/