Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Электрмобильдер Астана мен Алматының қысына жарай ма: көлік иелері пікір білдірді

Жарияланған күні:

Электркөліктер
Электркөліктер. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Электр көліктері барған сайын танымал бола бастады. 2023 жылы Our World in Data мәліметтері бойынша, әлемде сатылған әрбір төртінші темір тұлпар электркөлік болып отыр. Ал елімізде электр қуатымен жүретін көліктер саны 13,5 есеге, яғни, 570-тен 7680 данаға дейін өсті. Ал бұл электрмобильдер Астана мен Алматының қысына жарай ма? Иелерімен де, сарапшылармен де сөйлесіп көрдік.

Қазақстанда қанша электрмобиль бар?

Электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер саны 16,7 есеге, 443-тен 7383 данаға дейін өсті (2023 жылғы 1 желтоқсанды 2022 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда).

Электрмобильдердің ең көп саны Алматы қаласында – 4315, Астанада – 945 және Алматы облысында тіркелгені – 354. Ең аз электрмобильдер саны Абай облысында. Онда бар болғаны 14 электрмобиль бар.

Сонымен қатар электр қуатымен жүретін жүк көліктерінің саны 2 есеге, 127 бірліктен 262 бірлікке дейін өсті. Жоғарыда аталған көліктердің негізгі саны Алматы қаласында (94 дана) және Алматы облысында (17 дана) жүреді. 2023 жылдың 1 желтоқсанына электр қозғалтқышында 35 автобус тіркелген, олар негізінен Астана (21 дана) және Алматы (11 дана) қалаларында.

Электрмен қуатталып тұрған көлік
Электрмен қуатталып тұрған көлік. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Сауалнама деректері

Сауалнама деректеріне сүйенсек, электр көліктерді пайдаланушылардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікірлері әртүрлі.

Артықшылықтарына тоқталсақ, шығыны аз екенін айтпай өтуге болмас. Ablison басылымының сарапшылары келтірген дерек бойынша, электр энергиясы бензинге қарағанда арзан. Жылдық отын мен техникалық қызмет көрсету шығындары электр көліктерінде айтарлықтай азаяды.

Тағы бір артықшылығы деп экологиялық тазалықты айту керек. Көптеген пайдаланушылар көліктердің зиянды шығарындыларды азайтуын жоғары бағалайды, бұл қоршаған ортаға оң әсер етеді​. Электр көліктері дыбыссыз әрі басқаруы жеңіл. Қала ішінде жүру үшін өте ыңғайлы.

Avtodigitals.ru мәліметінше, кемшілігі деп қуаттау мәселесін айтуға болады. Суық ауа райында аккумулятор тез отырып қалады. Батареяны 5-7 жылдан кейін ауыстыру қажеттілігі де шығындарды арттырады. Қуаттау станцияларының жетіспеушілігі де айтарлықтай проблема.

Ал ең басты кемшілігі деп бағасының шарықтап кеткенін атасақ орынды шығар. Электр көліктерінің бастапқы құны бензинді көліктермен салыстырғанда жоғары​.

Электрмобиль иелері не дейді?

Алматылық тұрғын Мейіржан Әуелхан көлік сатып алған соң қуаттайтын құралын 300 мың теңге қаражатқа қоса сатып алғанын айтады.

"18-20 млн шамасындағы жүрілген электркөлік алдым. Сосын қуаттайтын құрылғыны жер үйге орнатып, қондырдым. Оған арнайы рұқсат я құжат қажет емес. Бұл қуат көзін пайдаланғаным үшін 5 мың теңге шамасында еді, қазір көлікті қуаттай бастағалы 10 мың теңгеге шығады. Бұл айына шығатын шығын. Жаздыгүні екі күн толық жүріп, осылайша әр үшінші күні қуаттаймын. Мысалы 80 пайызға дейін қуаттап қойсам, жүрісі бір аптаға жетеді. Ал күн суығанда көбірек қуат жұмсалады", - дейді ол.

Tesla көлігі
Tesla көлігі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Оның сөзінше, пайдасы көп. Мәселен бензинмен жүретін көлікке аптасына толтырып құйып қойғаныма 14 мың теңгедей шығындасам, қазір ары кеткенде айына 5-6 мың теңгеге қуатталады. Ал қаладағы қуат көздерінен қуаттаса, 1800 теңге екен.

"Қалада қуаттайтын орын өте көп. Кез келген сауда орнында орнатылып жатыр. Қазір қуаттау орындарына байланысты алаңдамайсыз", - дейді әңгімелесушіміз.

Мейіржан Әуелхан көліктің 4 секундта сағатына 100 шақырым қашықтыққа жылдамдық асыратын қасиеті ұнайтынын айтады. Өз сөзінше, бұл көліктің қауіпсіздік жүйесі де жақсы ойластырылған. Тіпті бірнеше рет апаттардан сақтап қалған кезі болыпты.

Электркөлік
Электркөліктер. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Астанада тұратын Әйгерім Орынбасарова қыстыгүні қытайлық электркардың кемшілігін көрмедім дейді, алайда басқа көлік иелерінің проблемасы болған.

"Мысалы бір жүргізуші пластикалық газ педалі сынғанын айтты, ал екіншісі мұздатылған есіктерге байланысты көлікті аша алмай қалған жағдай болған. Иә, мұндай жағдайлар болуы әбден мүмкін, бірақ бұл проблемалар ішкі жану қозғалтқышы бар көліктерде де кездеседі. Мәселе сапада сияқты. Көліктің де түр-түрі бар.

"Астананың қысы қатқыл, сондықтан электрмобильдер мен будандарды қыста пайдалануда қандай да бір күрделі мәселелерге тап болған жоқпыз. Көлігіміз бірден оталып, барлық функцияларын тіпті аязда да орындайды. Сол Zeekr немесе LiXiang-тің үлкен өлшемдеріне қарамастан, олардағы салон өте тез қызады, шамамен бес минутта жылы болады", - дейді Айгерім.

Сарапшының кеңестері

Белгілі автожурналист Олжас Оқас KAZ.NUR.KZ басылымына берген сұхбатында қыста электрмобиль иесі бірнеше проблемаға тап болатынын тізіп берді:

"Қыста жылыту системасы жиі қосылады. Сол себепті электр энергиясын тұтыну артады. Жазда көлік орта есеппен 18-20 кВт тұтынса, қыста 30-ға дейін жетеді. Онсыз да негізгі батарея төмен температурада тез "отыратыны" бар", - дейді ол.

Оның сөзінше, электркарлардың көбісінде есік ашу тұтқалары жылжымалы-жасырынды. Көлікті жуған соң жиі қатып қалады. Сондай-ақ күн суықта бір орында тұрып, “бүрсеңдеп” көлікті қуаттау да ләззат сыйламайды.

Электркарды қыста пайдаланудағы маңызды кеңестер

Atomobility.ru басылымы бірнеше кеңес берген:

  • Батареяны алдын ала жылыту. Сапар алдында көліктің алдын ала жылыту жүйесін қолданыңыз. Бұл батареяны жылытып, оның тиімділігін арттырады, сондай-ақ салонды жылытуға жұмсалатын энергияны азайтады​.
  • Батареяны толық зарядтаңыз. Қыста аккумулятордың қуаты жылдам төмендейді, сондықтан мүмкіндігінше оны толық зарядтауға тырысыңыз. Жиі зарядтау станцияларына қол жеткізуді қамтамасыз етіңіз.
  • Жүргізу стилін өзгерту. Қатты үдеуден және жылдамдықты кенеттен арттырудан аулақ болыңыз. Бұл батареяның энергиясын үнемдеуге көмектеседі.
  • Қосымша жылыту құралдарын пайдалану. Егер мүмкін болса, салондағы жылыту жүйесінің орнына отырғыштар мен тізгінді жылыту жүйесін қосыңыз. Бұл батарея энергиясын тиімді пайдалануға ықпал етеді.
  • Дөңгелектер мен жол жағдайы. Қысқы шиналарды қолданыңыз. Олар көліктің жолда қауіпсіз және тиімді басқарылуын қамтамасыз етеді.
  • Зарядтау станцияларын жоспарлау. Сапар алдында жол бойындағы зарядтау станцияларын тексеріп, қажетті аялдамаларды жоспарлаңыз.
  • Қосымша қуат жоғалтудан сақ болыңыз. Зарядтау кезінде көліктің жылытқыштары мен басқа энергия тұтынушыларды өшіріңіз.

Қорытындыласақ, шынында да, суық мезгілде электркарлардың кабинаны, батареяны және электр қозғалтқышын жылытуға энергия жұмсайтын пешті белсенді пайдалану арқылы азаятыны белгілі. Кейбір электрмобильдерде батареяны алдын ала қыздыру функциясы бар. Алайда егер мұндай функцияны қолдансаңыз, онда электр энергиясының жоғары шығыны болмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2188718-elektrmobilder-astana-men-almatynyng-qysyna-zharai-ma-kolik-ieleri-pikir-bildirdi/