Сарапшы: Доллар 1000 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
Жарияланған күні:
Қазақстандық экономист Сәбит Рысбаевтың айтуынша, теңге девальвацияға ұшырап, оның бағамы 1000 теңгеге дейін жетуі әбден мүмкін. Толығырақ KAZ.NUR.KZ тілшісі материалынан оқуға болады.
Демалыс күндерінен кейін Қазақстандағы америкалық валютаның бағамы қайта көтеріліп, 16 қарашадағы жағдай бойынша елдегі ақша айырбастау орындары бір АҚШ доллары үшін 500 теңге сұрап жатыр.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, төл теңгеміз құлдырауын жалғастырады. Мәселен, отандық экономист Сәбит Рысбаев Facebook желісіндегі парақшасында ұлттық валютаның болашағына қатысты ойын бөлісті. Ол қазақстандықтарды теңгенің кезекті девальвациясы күтіп тұрғанын және өз болжамдарында өткен тәжірибе мен әлемдегі қазіргі саяси-экономикалық оқиғаларға сүйенетінін алға тартты.
Девальвацияның бір ұшқынын көршілес Ресейден байқауға болады. Өткен айда Ресейдің орталық банкі өзінің негізгі мөлшерлемесін (Қазақстандағы базалық мөлшерлемеге ұқсас) 21 пайызға дейін – көрші ел тарихтағы ең жоғары көрсеткішке көтерді. Мұның өзі ресейлік үкімет долларды тежеу үшін байыпты шара қолдана бастағанын аңғартады.
Сонымен қатар кейбір сарапшылар жақын арада негізгі мөлшерлеме 23 пайызға дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды. Аталмыш шара, қазақстандық экономисттің пікірінше, Қазақстанның экономикалық жағдайына оң әсер етеді деуге келмейді.
"1998 жылы Ресейде девальвация болып, рубль 4 есе құнсызданды. 1999 жылы Қазақстанда президент сайлауы өтіп, одан кейін теңге екі есеге арзандады. 2014 жылы Ресейде рубль бір түнде екі есеге құнсызданды. Ал 2015 жылы Қазақстанда сайлау өтіп, теңге тағы да құлдырап кетті. Біздің теңге рубльге қатты тәуелді, сондықтан ресейлік валюта тағы 2-3 есе құнсызданса, Қазақстанда доллар 1000 теңге шегінен асып түседі", - дейді Сәбит Рысбаев.
Автор: Динар Мұрат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2189037-sarapshy-dollar-1000-tenggege-deiin-qymbattauy-mumkin/