Неліктен Қазақстан жеке тұлғаларды декларация тапсырудан бірден босатпады
Жарияланған күні:
Мәжіліс отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев үкіметтің декларацияның төртінші кезеңінен бірден бас тартпау себебін түсіндірді. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Министрдің айтуынша, декларациялау жүйесінің бастапқы тұжырымдамасы 14 жыл бұрын әзірленіп, америкалық тәжірибеге негізделген. Бірақ уақыт өте келе, мәліметтер базасы енгізілген соң, кейбір азаматтар үшін декларация тапсыру қажеттілігі жойылды.
"2021 жылдан бастап біз жүйені үш кезең бойынша сынақтан өткіздік. Осы уақыт ішінде 4,4 миллион адам декларация тапсырды, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, заңды тұлғалардың құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер бар. Жүйе тиімді жұмыс істеп тұрғандықтан, қалған азаматтар үшін декларация тапсыруды қажетсіз деп таптық", - деп түсіндірді қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Ол Қазақстанда кімдерге декларация тапсыру міндетті болып қала беретінін де атап өтті.
"Үш күннің ішінде заң жобасын әзірлеу керек, яғни, әрі қарай алар бағытымызды анықтауымыз керек. Мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор басшылары үшін декларацияны сол күйінде қалдыру ұсынылады. Декларация жыл бойы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алғандар үшін, сонымен қатар шетелде есепшоттары бар, шетелде мүлікке ие азаматтар үшін де сақталады. Қалған жұртшылық өз қалауымен тапсыруға бел буса, біз жақтан еш кедергі жоқ", - деп түсіндірді Мәди Тәкиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2190090-nelikten-qazaqstan-zheke-tulgalardy-deklaratsiia-tapsyrudan-birden-bosatpady/