Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда күнкөріс деңгейі күрт төмендеді

Жарияланған күні:

Ақша мен калькулятор
Ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бір айда 9,7 пайызға азайып, 49 756 теңге болды. Әртүрлі жастағы азаматтардың қажеттіліктеріне қанша қаражат қажет екендігі туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан біле аласыздар.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – адамның негізгі өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажет ең төменгі шығындар құны. Бұл көрсеткіш халықтың кедейлік деңгейін анықтауға және атаулы әлеуметтік көмекті есептеуге қолданылады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіш азық-түлік себетінің құны мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтердің 45 пайыздық үлесін қамтиды. Азық-түлік себетіне ет, балық, сүт, май, нан, көкөніс, жеміс-жидек, жұмыртқа, қант, шай және дәмдеуіштер сияқты 43 түрлі өнім кіреді.

Күнкөріс деңгейін есептеу үшін азық-түлік бағасы ең төменгі тұтыну нормаларына көбейтіледі. Бұл көрсеткіш халықтың жасы, жынысы және ел аймағына байланысты өзгеріп отырады.

Қазақстанда күнкөріс деңгейі қандай

2024 жылдың қарашасында ең төменгі күнкөріс деңгейі 49 756 теңге болды, бұл қазан айындағы 55 079 теңгеден 9,7 пайызға төмен. Ұлттық статистика бюросы бұл құлдыраудың себебін бағаның төмендеуімен емес, азық-түлік тұтыну нормаларына енгізілген өзгерістермен түсіндірді.

Атап айтқанда, "Азық-түлік өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына" сәйкес, қараша айында қызанақ, қияр, қарбыз және жүзім тәрізді маусымдық өнімдер тұтынудан алынып тасталды. Осыған байланысты ең төменгі қажеттіліктер құны азайған.

Дегенмен 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,4 пайызға жоғарылаған.

Ең жоғары күнкөріс деңгейі Маңғыстау облысында (60 561 теңге), Астанада (53 560 теңге) және Алматыда (53 167 теңге) тіркелді. Ең аз қажеттілікке Түркістан (45 528 теңге), Ақтөбе (44 957 теңге) және Қызылорда (44 625 теңге) облыстарының тұрғындары мұқтаж.

Жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі

Бәрінен де 13 жасқа дейінгі қазақстандық балалардың қажеттіліктері аз, олар үшін ең төменгі күнкөріс құны – 40 018 теңге. Ал 14 пен 17 жас аралығындағы ұлдар үшін, керісінше, ең жоғары 62 886 теңге есептеледі. Сол жастағы қыздарға – 48 188 теңге.

18 жастан асқан ерлер мен әйелдерге айына кем дегенде 59 145 және 46 959 теңге қажет. Ал зейнеткерлер мен қарттарға – 46 548 теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2194931-qazaqstanda-kunkoris-denggeii-kurt-tomendedi/