Зейнетақы жинақтарын несиені өтеуге пайдалануға бола ма: БЖЗҚ басшысы жауап берді
Жарияланған күні:
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу арқылы ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге болады. Одан басқа тағы нені өтеуге болатыны жайлы KAZ.NUR.KZ материалында.
"Ашық диалог" платформасында қазақстандық азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқарма төрағасы Жанат Құрмановқа өтінішпен жүгінді. Автор зейнетақы жинақтарын несиені өтеу үшін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды сұраған.
"Себебі несиені қазір қайтару мүмкін емес, несиелердің бір бөлігі қосымша кіріс іздеу кезінде жалған схемалар арқылы аударылған", - делінген үндеуде.
Жанат Құрманов зейнетақы жинақтарын мұндай мақсатта пайдалану салымшылардың болашағына кері әсер ететінін атап өтті.
"Міндетті зейнетақы жарналарының стратегиялық мақсаты – салымшының зейнетке шыққан кездегі өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Сіздің жағдайыңызды түсінеміз, бірақ қолданыстағы заңнама бойынша зейнетақы жинақтарын белгілі бір жағдайлар туындамайынша пайдалануға рұқсат етілмейді", - деді Құрманов.
Алайда ол БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мұндай шарттарға мыналарды жатқызады:
- Бірінші және екінші топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленуі;
- 45 жастан бастап жинақталған қаражаттың зейнетақы аннуитеті шартын жасауға жеткілікті болуы;
- Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Сондай-ақ қор басшысы қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлеміне кірмейтін тегін медициналық көмек пен тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсауға құқығы бар екенін еске салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2195006-zeinetaqy-zhinaqtaryn-nesieni-oteuge-paidalanuga-bola-ma-bzhzq-basshysy-zhauap-berdi/