Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда зейнет қорын қанша жастан бастап жинай бастаған жөн

Жарияланған күні:

Банкідегі тиын
Банкідегі тиын. Көрнекі сурет: BrianAJackson/Getty Images

Сарапшылар қазақстандықтарға мемлекет зейнетақысына ғана иек артуға болмайды деп есептейді. Олар зейнет қорын жас кезден ойластыруға кеңес береді. Қандай жолдары барын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда зейнетақы жүйесі көпсалалы екені мәлім. Қазір азаматар зейнетақыны мемлекеттен, сонымен бірге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алады. Бірақ қорда ақша болуы керек.

Болашақта жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған ақшадан жаңа зейнетақы төлемі пайда болады. Алайда оны алушылар міндетті зейнетақыдан қағылады, себебі төлемнің мұндай түрі 1998 жылға дейін еңбек еткен азаматтарға ғана беріледі.

Соған байланысты FinGramota медиа-порталының сарапшылары қазақстандықтарға қартайған уақытта алатын ақыны жас кезінде жинауды үйренуге кеңес береді.

"Қор жинай бастауға ыңғайлы жас – 18 бен 25 аралығы. Осы жастағы азаматтардың көбі әлі некеге тұрмаған, ипотека алмаған. Оларға әлі де болса ата-анасы қолдау көрсетеді. Сондықтан кез келген табыстан депозитке ақша жинау әдетін осы кезде қалыптастырған жөн", - дейді сарапшылар.

Депозит – ақша жинаудың ең қарапайым әдісі, ал қазақстандық банктер ұсынып отырған сыйақы мөлшері елдегі инфляция деңгейін едәуір басып озады.

Зейнетақы жоспары көп салмақ түсірмес үшін азғантай сомадан ақша жинай беріңіз. Мысалы, ай сайын 5 мың теңгеден салып отырыңыз. Уақыт өте келе оның көлемін ұлғайта беруге болады. Осылайша әр адам болашақта алатын зейнетақысын өсіре алады.

Үстінен қосып отыруға мүмкіндік беретін жинақтаушы депозитті таңдауға болады. Оның пайыздық мөлшері жоғары, бірақ белгіленген мерзімге дейін ақшаны шешіп ала алмайсыз, әйтпесе жиналған сыйақы күйіп кетеді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына да сенім артуға болады. Міндетті төлемдерден бөлек, ерікті зейнетақы жарнасы бар екенін естен шығармаған жөн. Мұнда да депозиттегідей төлем мерзімі мен көлемін таңдауға болады.

Ерікті зейнетақы төлемдері есебінен қор жинаудың өз артықшылығы бар. Мысалы, оны ресми зейнетке шығардан бұрын – 50 жаста шешіп алуға болады. Бұған қоса, жиналған ақшаның бәрін алуға, болмаса ай сайын төлеп тұратындай етіп реттей аласыз.

Зейнетке осы бастан дайындалудың тағы бір әдісі – өмірді сақтандыру полисін рәсімдеу. Соның көмегімен белгілі бір жасқа дейін ақша жинап қана қоймай, түрлі қауіптен өзіңізді сақтандыра аласыз.

Қауіптірек, бірақ өте тиімді әдістерді де пайдалануға болады. Біз қаржы нарығындағы құнды қағаздарға инвестиция салу туралы айтып отырмыз. Мұндай әдіс қосымша білімді қажет етеді, бірақ сәті түскен жағдайда үлкен табысқа кенелуге болады.

Осылайша, қазақстандықтар ақша жинаудың бірнеше әдісін таңдай алады. Мемлекет зейнетақысы мен міндетті жарнаға негізделген БЖЗҚ төлеміне ғана иек артуға болмайды. Ерте бастан ақша жинауды үйренсеңіз, болашақта қаржы дербестік сақтап қала аласыз, деп есептейді сарапшылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2204547-qazaqstanda-zeinet-qoryn-qansha-zhastan-bastap-zhinai-bastagan-zhon/