Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жаңа зейнетақы жарналары кімге төленбейді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Зейнетақы
Көзілдірік, теңге мен калькулятор. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы тек 1975 жылы және одан кейін туған азаматтарға төленеді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

2024 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы (бұдан кейін ЖМЗЖ – ред. ескертпесі) кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Бастапқыда оның мөлшері қызметкердің жалақысының 1,5 пайызына тең болса, 2025 жылдың басында ол 2,5 пайызға дейін өсті.

Жұмыс берушілер зейнетақы жарнасын өз қаражаты есебінен төлейді. Алайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәліметінше, жұмыс берушілер зейнет жасындағы, 1-ші және 2-ші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар, әскери қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған адамдардың пайдасына ЖМЗЖ төлеуден босатылды. Жұмыс берушілердің ЖМЗЖ-ны уақытылы және толық төлеп отыруын бақылау Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген.

ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлде аз екендігін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық – мемлекеттен, жинақтаушы – БЖЗҚ-ға аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасатын болады.

Қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына түсетін МЗЖ-дан тағы бір ерекшелігі, ЖМЗЖ шартты зейнетақы шоттарына есептеледі және қызметкерлердің меншігі болып саналмайды. Тиісінше, ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтарды қызметкерлер мұраға қалдыра алмайды. ЖМЗЖ зейнетақыны ортақ (таратушы) қағидаты бойынша төлеуге арналған. Сондықтан Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе қайтыс болған адамдар үшін төленіп келген ЖМЗЖ қалған қатысушылар арасында бөлініп, өмір бойы төленеді.

Осылайша бұрын Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе қайтыс болған тұлғаларға төленген ЖМЗЖ қалған қатысушылар арасында бөлініп, өмір бойына төленеді.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) айырмашылығы – ЖМЗЖ-ны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5 пайыз, 2025 жылы 2,5 пайыз, 2026 жылы 3,5 пайыз, 2027 жылы 4,5 пайыз) және 2028 жылы 5 пайызға жетеді. Жұмыс берушінің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) кем дегенде біреуін және көп дегенде 50-еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2209811-qazaqstanda-zhanga-zeinetaqy-zharnalary-kimge-tolenbeidi/