Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге салынатын салық артты
Жарияланған күні:
Былтыр айтыс-тартыспен талқыдан өткен бірнеше жаңа заң 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Солардың бірі – қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрен асатын автокөліктер салығының еселеп көбеюі.
Бұл өзгеріс жайлы пікірталас ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өкілдері мен көлік иелерінің арасында жарты жылға жалғасты.
ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлігінің сайтында жарияланған заң жобасында салық көліктердің қозғалтқыш көлеміне ғана салынатыны туралы жазылған.
Ол құжат бойынша Қазақстандағы қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын көліктердің салығы бірнеше есеге өспек. Мәселен, былтыр бұндай көлік иелері 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеп келсе, заң жобасы күшіне енгеннен кейін қозғалтқыш көлемі 3 мыңнан 3,2 мың текше сантиметрге дейінгі көліктерге – 35 АЕК, 3,2-ден 3,5 мың текшеге дейінгілер – 46 АЕК, ал 3,5-4 мың текше сантиметрлік көлікке – 66 АЕК, қозғалтқыш көлемі 4-5 мыңдық көліктер үшін 130 АЕК, ал 5 мың текшеден асатын автокөлік иелеріне 200 АЕК көлемінде салық төлеуге тура келеді.
Заң жобасын қорғау барысында тиісті министрлік өкілдері "экологияға келтірер залалын өтеумен қатар, "молшылық" үшін де салық төлеуі керек" деген дәлелдер келтірді. Дегенмен, халық бұл уәжға көне қоймады деп хабарлайды 24 арна.
"Белсенді автомобильшілер қолдауының арқасында мен Астанаға жол тарттым. Сөйтіп, Мәжілістің кешенді комитет отырысында сөз сөйлеуге мүмкіндік алдым. Менің баяндамам жалғыз басымның емес, бүкіл көлік жүргізушілерінің үндеуі болды", - дейді ҚР Тәуелсіз автомобильшілер одағының төрағасы Эдуард Эдоков.
Тәуелсіз автомобильшілер одағы мұнымен шектелмей, тиісті инстанцияларға жүздеген хат жазды.
Ол аздай Эдуард Эдоковтың бастамасымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған "Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге салықты көбейтуге қарсы" петицияға ондаған мың көлік жүргізушісі қол қойды. Сөйтіп әрең дегенде нәтиже шыға бастады.
"Көлік құралдарына жаңа төлемдер тек 2014 жылдан бастап елге әкелінген көліктерге салынатын болады. Мәселен, қозғалтқыш көлемі үлкен көліктердің қазіргі иелері қам жемесе де болады", - дейді ҚР Экономика және сауда министрлігінің салықтық саясат басқармасының басшысы Дарын Әбдуәли.
Жаңа төлемдердің өткен жылдың соңына дейін тіркелген немесе Қазақстанда жасалған көліктерге қатысы жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жасалатын жеңілдіктер де күшін жоймай, сақталып қалмақ.
"Көлігі бар мүгедектердің жеңілдіктері өзгермейді. Ал машинасын 2014 жылы сырттан әкелген болса, оған жеңілдік жасалмайды", - дейді ҚР Экономика және сауда министрлігінің салықтық саясат басқармасының басшысы: Дарын Әбдуәли.
Сарапшылардың айтуынша, қозғалтқыш көлемі үлкен автомобильдерден түсетін салықтың көлемі ұлғайғанымен, олардың саудасы тежелмейді.
Яғни, автодилерлердің қаржылық жағдайына кауіп төне қоймайды.
"Қалтасы қалың азаматтар салықтың өскенін байқамайды да. Экономикалық дағдарыс кезінде де жоғары классты автомобильдеріне деген сұраныс төмендемеген. Ал дилерлік орталықтар орта класс көліктерінің саудасы арқасында пайда табады", - дейді автоорталықтың маркетинг бөлімінің басшысы Евгений Шумков.
Заң жобасын әзірлегендердің айтуынша, бұл жасалатын реформалардың басы ғана. Қазір министрлік салық төлемдерінің параметрлері мен тиімді шарттарын анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/296876-kozgaltkysh-kolemi-ylken-kolikterge-salynatyn-salyk-artty/