Ақмола облысында мыңдаған гектар бидай мұздың астында қалды
Жарияланған күні:
Ақмола облысының шаруалары шаш етектен шығынға батты. Мыңдаған гектар бидай ақ қар, көк мұздың астында қалды. Үміттері үзілген диқандар алқаптардан ауыл шаруашылығы техникасын шығарып жатыр. Ал орып үлгерген өнім тек мал азығына ғана жарайды.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Тақырға отырған шаруа қожалықтарының жұмысшылары тіпті айлап еңбекақы алмаған. Маңдай термен өсірілген дәнді дақыл ысырап болып далада жатыр. Мыңдаған гектар бидай, арпа, майлы дәнді дақыл масақтары мұз болып қатып қалған.
Қар соңы толассыз жауған жаңбырға ұласып, жерде қалған астықты жинау мүмкін болмай отыр. Қазір шаруалар батпаққа айналған алқаптан техникаларын әкетіп жатыр. Олар амалсыздан ендігі алынбаған астыққа көктемде оралатынын айтады.
Жұмыстарын соңына дейін жеткізе алмаған шаруалар қырман басында сенделіп жүр.
"Атжалға шыққанбыз. Бірақ кіре алмай қойдық. Атжалдың бәрі тегіс су. Оны біз комбайн кіргізіп орғанымен түк те өнім алмаймыз. Шығын көп. Көктемде қар астынан шыққан астықты жинап алған күннің өзінде ол тек жемге ғана жарайды", - дейді шаруа қожалығының басшысы Тайкен Табылдинов.
Ал жұмысшылар болса, 2 ай бойы күндіз-түні жұмыс істеп, еңбекақы алмағанын айтады.
"Еңбекақы алған жоқпыз. Жағдай қиын. Бізде ғана емес, Солтүстік өңірлердің барлығында астық далада жатыр", - дейді ол.
Өнім сапасы нашар болған соң сату бағасы да төмен. Сондықтан жиылған астығынан пайда көре алмай отырған шаруа қожалықтары диқандардың жалақысын төлеп үлгермеген.
Ал шенеуніктер Ақмола облысында 4 миллион 700 мың гектарға себілген дәнді дақылдардың тек 3 пайызы ғана далада жатыр деп жоғарыға ақпар берген.
Алайда біз куә болған Сандықтау, Зеренді, Бурабай, Бұланды аудандарындағы мыңдаған гектар құлатылып қар астында қалған астықты есепке алмаған сияқты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/339740-akmola-oblysynda-myndagan-gektar-bidaj-myzdyn-astynda-kaldy/