Қазақстанның Бас прокуроры тағайындалды
Жарияланған күні:
Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов Қазақстанның Бас прокуроры болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың Twitter-гі ресми парақшасында хабарланды.
"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жақып Асанов Қазақстанның Бас прокуроры болып тағайындалды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстанның Бас прокуроры Асхат Дауылбаев болған.
Ал Жақып Асанов 2012 жылы қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Қазақстан Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Жақып Қажыманұлы 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласының прокуратурасында жұмыс істеген.
Сонымен қатар Президент әкімшілігі заңнама, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
1997-2005 жылдары - Бас прокурордың аға көмекшісі, Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, Қазақстан Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар іс-әрекетіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры, Әділет вице-министрі болған.
2007 жылы парламент мәжілісінің 4-ші шақырылымына депутат болып сайланған. 2012 жылғы қаңтардан бастап - «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша V сайланған парламент мәжілісінің депутаты болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1111785-qazaqstannynh-bas-prokurory-taghayynd/