Оқушылардың хиджаб киюіне қарсы болған ОҚО-ның су жаңа әкімі туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
Оңтүстік Қазақстан облысына бүгін ғана тағайындалған жаңа әкім Жансейіт Түймебаев саясат аренасында есімі бұдан бірнеше жыл бұрын кеңінен танылғанымен, кейінірек жиі айтыла бермейтін болды. Су жаңа аймақ басшысы туралы не білеміз?
NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі Оңтүстіктің жаңа басшысы туралы негізгі делінген 10 деректі ұсынады.
1. Жансейіт Түймебаев 1958 жылы дүниеге келген. Ол Оңтүстік жұртшылығы үшін бөтен емес, сол өңірдің тумасы. Нақтырақ айтқанда, Бәйдібек ауданында өмірге келген. Кезінде вице-премьер болған Өмірзақ Шөкеев, қазіргі вице-премьер Асқар Мырзахметов Түймебаевтың жерлестері.
2. Жаңа әкім көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Он үш ұл мен қыздың ортасында өскен ол ұлдардың екіншісі.
3. Жансейіт Түймебаев шопандардың балаларына арналған Шымкенттегі мектеп-интернатында білім алған. Ұстаздары аймақтың басшысын математик болады деп үміттенген.
4. Жансейіт Түймебаевтың туған інісі Имангелді Қансейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары қызметінде.
5. Түймебаевтің жары Жанат Еңсебаева екеуі Эльдана және Эльнар есімді ұл мен қызды тәрбиелеп отыр.
6. Ғаламтордағы мәліметке сенсек, Жанат Еңсебаева Has Sanat өнер галереясының директоры. Айтпақшы, жыл басында Түркияда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Has Sanat өнер галереясының ұйымдастыруымен қазақстандық үздік суретшілердің «Заманауи қазақ өнері» атты көрмесі өткен болатын.
7. Жансейіт Түймебаев Жамбыл облыстық әкімдігінің аппарат басшысы болған Серғали Айдапкеловтің құдасы.
8. Оңтүстік басшысы Түймебаев 2007-2010 жылдар аралығында еліміздің Білім және ғылым министрі қызметін атқарды. Бас педагог кезде Түймебаев мырзаның есімі жиі айтылды. 2010 жылы алматылық екінші сынып оқушысы министр Түймебаевтың үстінен сотқа шағымданған. КТК арнасы мектеп оқушысы «Жол жүру ережелері» атты кітаптағы өрескел қателіктерді көріп, бас педагогтың үстінен шағымданғанын мәлімдеген. Сөйтіп моральдық шығын ретінде 100 млн теңге талап еткен.
9. Жаңа әкім елдің бас педагогы қызметінде жүрген кезінде мектеп оқушыларының хиджаб киюіне түбегейлі қарсылық білдірген. «Біздің елде түрлі дін өкілдері тұрады. Хиджабқа қолдасақ, олар да өздеріне тән киім киюге рұқсат беруді талап етеді» деп мәлімдеген Түймебаев.
10. Бас мұғалім қызметінен кеткен соң Түймебаев Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі болып тағайындалды. 2011 жылы бұл міндетіне Қазақстанның Албаниядағы Елшісі қызметі қосылды.
Тағы оқыңыздар:
Қытайда бір мезетте 20 мың көлік кептеліп қалды (видео)
Ольга Рыпакова ресми түрде Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанды
Ыстамбұл әуежайына жақын маңда жойқын жарылыс болды
«Алматы-1» теміржол вокзалы маңында метро стансасы салынады
Еліміздің солтүстігінде қар аралас жаңбыр жауады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1276535-oqo-nynh-su-zhanha-akimi-zhanseyit-tuymeba/