Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев пен Путин бірлескен мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Қазақстан президентінің 3 сәуірде Мәскеуге барған ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бірлескен мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ақорда.

Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда
Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда: UGC

Тағы оқыңыздар:

Тоқаев Путинге Назарбаевтың ақ тілегі мен сәлемін жеткізді>>>

Владимир Путин Тоқаевты президент болуымен құттықтады>>>

Путин Кремльде Қазақстан президенті Тоқаевты қабылдады (фото)>>>

Хабарламада Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің шақыруымен 2019 жылғы 3-4 сәуірде Ресей Федерациясына сапармен барғаны айтылған.

"Ашық, достық және сындарлы жағдайда өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастардың негізгі мәселелерін, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ өзара мүдделі өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды мұқият талқылады", - делінген хабарламада.

Төменде хабарламаның толық мәтінін ұсынамыз.

"Екі елдің саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастығын тұрақты оң динамикасын қанағаттанғандықпен атап өтіп, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартта, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияда және де 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық шартында негізі қаланған принциптер мен міндеттемелерге бұлжымас бейілділігін растай отырып, Қазақстан Республикасы президентімен Ресей Федерациясының президенті төмендегiлер туралы мәлімдейді:

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өзара сенім, стратегиялық серіктестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде теңқұқылы және егемен мемлекеттер ретінде одақтастық қатынастарды және интеграциялық өзара ықпалдастықты дамыта отырып, бұл ретте мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқылық және ішкі істерге араласпау, күш немесе күш қаупін қолданбау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, шекара мызғымастығы, дауларды бейбіт жолмен шешу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау принциптерін басшылыққа алады.

Қазақстан-Ресей қатынастары біздің елдеріміз халықтарының терең тарихи және рухани байланыстарына негізделген. Олар екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, инновациялық технологияларды кеңінен енгізу базасындағы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалану, адам әлеуетін мейлінше толық ашу міндеттерін шешуге жәрдемдеседі. Бұл Қазақстан мен Ресейге жаһандану жағдайында өз ұстанымдарын барынша күшейтуге, Еуразия кеңістігінде және бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуы үшін нысаналы және ашық саяси диалогтың маңыздылығын мойындай отырып, президенттер жоғары, биік және басқа да деңгейлердегі сенімгерлік және сындарлы байланыстарды одан әрі кеңейтуді жақтайды.

Екі елдің өңіраралық және трансшекаралық ынтымақтастығының әлеуетін бағалай отырып, президенттер Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымдары мен Ресей Федерациясының субъектілері арасындағы көпқырлы экономикалық және гуманитарлық қатынастарды кеңейтуді, мүдделі шаруашылық жүргізуші субъектілердің тікелей байланыстарын дамыту мен нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауды жақтады.

Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жыл сайынғы форумдар және олардың екі елдің іскер топтарымен кездесулері екіжақты өзара ықпалдастықты жандандырудың пәрменді тетігі ретінде танылды. Кезекті XVI форумды 2019 жылдың соңында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан-Ресей өзара ықпалдастығын нығайтуға биліктің заң шығарушы және атқарушы органдарының арасындағы жүйе бойынша тұрақты іскерлік байланыстар жәрдемдеседі.

Тараптар "Байқоңыр" кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының шеңберіндегі, соның ішінде "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін салудың бірлескен жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастығын жалғастырады.

Тараптар ЕАЭО әлеуетін тиімді пайдалануға қол жеткізуге ұмтылысты сипаттайтын ынтымақтастықтың қарышты дамуын атап өтеді, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі ережелері мен қағидаттарын іске асыру маңыздылығын растайды.

Біздің елдеріміз, бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қоса алғанда, білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды көтермелеуге, ғылыми және педагог кадрлар даярлау саласында қолайлы жағдайлар жасауға, оқытушылар мен студенттермен алмасуды қарқынды түрде арттыруға ниетті.
Әрбір Тарап өз аумағында тұратын басқа Тараптың халықтарының этникалық, тілдік, мәдени және діни ерекшеліктерін сақтау және дамыту үшін тығыз ынтымақтастықты нығайту, Тараптардың заңнамасына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуына жағдайлар жасау ниеттерін растады.
Қазақстан мен Ресей Тараптардың бірі мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға және режимдерге қатысу немесе қосылуға бір-біріне қолдау көрсете отырып, бейбітшілікті, халықаралық тұрақтылық пен өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісінде өзара іс-қимыл жасасады, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да ұйымдар мен институттар алаңдарында үйлесімді жұмыс атқарады.

Нұр-Сұлтан мен Мәскеу терроризм мен экстремизмге, діни төзбеушіліктің, ксенофобияның, ұлтшылдықтың және неонацизмнің зорлық көріністеріне, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа, қару-жарақ, есірткі және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ басқа да жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелерінде ортақ ұстаныммен шығады.

Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және "қаралау" әрекеттерін қош көрмейді.

Саяси бағытта президенттер "Астана процессі" аясында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарымен нормалары сөзсіз сақталуы жағдайында Сирия қақтығысын бейбіт реттеу күш-жігерлерді жалғастыруға шешім қабылдады.
Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы желісі бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен дағдарыстық жағдайларға ден қоюдың пәрменді жүйесін құруға бағытталған бірлескен шаралар қабылдайды.

Қазақстан мен Ресей президенттері екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету, олардың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделін арттыруға жәрдемдесу мақсатында қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету ниетін растайды.

Мемлекеттер басшылары жемісті келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі достық, теңқұқылы қатынастардың, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы бауырластық және тату көршілік байланыстардың қарышты дамуына жәрдемдесетінін атап көрсетті", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1786864-tokaev-pen-putin-birlesken-mlimdeme-zasady/