Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының жаңа әкімі болып тағайындалды
Жарияланған күні:
Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды. Енді өңірді Әбілқайыр Сқақов басқарады. Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалсын", - делінген президент қаулысында.
Жаңа әкімді өңір активіне премьер-министр Асқар Мамин таныстырған.
Айта кетейік 45 жастағы Әбілқайыр Сқақов Павлодар өңірінің тумасы.
Әр жылдары Павлодар облысы бойынша салық инспекциясының маманы, салық инспекторы, аға салық инспекторы, бөлім бастығы, Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары;
Павлодар облысы Қашыр ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы;
Павлодар облысы Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары (экономика және қаржы бойынша);
Павлодар облысы бойынша Салық департаментінің Павлодар қаласы бойынша салық басқармасының бастығы;
Қостанай облысы бойынша Салық департаментінің бастығы:
Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары;
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы және Қорғаныс министрінің орынбасары (экономика және қаржы бойынша) қызмет еткен.
Ал жаңа қызметіне дейін еліміздің Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетін басқарған.
Еске сала кетейік, 16 қаңтарда еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған дейін өңір әкімі болған Болат Бақауовқа қатысты 15 қаңтарда жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілгенін мәлімдеген еді.
ҰҚК мәліметінше, экс-әкім лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.
Ал 17 қаңтарда Павлодардың тергеу соты Бақауовты екі айға қамауға алу туралы санкция бергені белгілі болды.
Сонымен қатар, сотта 2016 жылдан бері өңірге басшылық етіп келген Бақауовтың нақты қандай іс бойынша күдіктеліп жатқаны айтылды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1837034-bilkajyr-skakov-pavlodar-oblysyny-kimi-bolyp-tagajyndaldy/