Елордада Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына экспозиция ашылды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толуына арналған бірегей экспозицияның салтанатты ашылуы өтті.
Экспозицияда мұрағаттық және статистикалық фотоматериалдар, соғыс ардагерлерінің жеке заттары мен қару-жарақтары қойылған. Барлық экспозициялық материалдар ҚР ҚК Әскери-тарихи мұражайы қызметкерлерімен жиналды.
1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония Потсдам декларациясының барлық шарттарын қабылдап, өзінің толық жеңілгендігі туралы актіге қол қойды. Жапонияны жеңу Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен белгіленді.
Өкінішке орай, Кеңес-Жапон соғысына қатысқан барлық қазақстандықтардың есімдері әлі белгілі емес. Алайда, Әскери-тарихи мұражай қызметкерлері оқиғалардың хронометражын іздеу және қалпына келтіру бойынша жоспарлы жұмысты тұрақты негізде жүргізуде.
«Соғысқа қатысқан он мыңнан астам қазақстандық жауынгердің 200-ден астамы түрлі ордендермен және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, біз Қазақстанның бейбіт өмір кешіп жатқанына зор үлес қосқан қазақстандық батырларды еске алып, құрметтеуіміз керек», – деді ҚР ҚК Әскери-тарихи мұражайының бастығы подполковник Нұртаза Әсілов.
Санитарлық-эпидемияға қарсы талаптарды сақтай отырып өткізілген ашылу салтанатына Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің туыстары мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысты.
«Бүгінгі шара болашақ ұрпақ үшін үлкен патриоттық мәнге ие болып табылады. Әскери-тарихи мұражайының басшылығына ризашылығымды білдіремін. Бейбіт өмір сүріп жатқанымызға зор үлес қосқан қазақстандық батырларымызды еске алып, құрметтеуіміз керек», - деді ардагердің ұлы полковник Қазез Тілеубаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1872667-elordada-ekinsi-dniezzilik-sogysty-aaktaluyna-ekspozicia-asyldy/