Бағдат Қожахметов: Денсаулық сақтау министрлігінде тегін жұмыс істеймін
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов 31 арнадан кету себебін, коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде неліктен министрліктің ресми өкілі болуға шешім қабылдағанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы TalkLike Youtube жобасына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, медиа саласында жүргеніне 28 жыл болған, оның 20 жылын телевизияға арнаған.
"31" арнаға жеті жыл басшы болдым. Сол жерде жұмыс істеп отыра берсем болатын еді. Бір қарасам, мен басқарып отырған телеарна динозавр сияқты көрінді. Жартастан түсейін деп тұрған кезең екен. Алдағы 5-10 жылда жалпы телевизия құрып кетпесе де, аттың басын жоққа бұрған индустрия ғой, сондықтан әрі қарай динозаврды басқарғым келмей қалды. Содан көңілім қалды", - дейді Қожахметов.
Ол телеарна басшысы болып тұрған уақытта жағдайының жақсы болғанын, 10 мың доллар шамасында жалақы алғанын атап өтті.
"Жақсы төледі, өйткені көрсеткіштер жақсы болды, арна екінші орында тұрды. Содан өмірімде бірдеңені өзгерту керек деген ойға келдім. Ол кезде жасым 45-те, бұл ер азаматтың ең соңғы мүмкіндігі шығар. Сол мүмкіндікті пайдаландым да, кетіп қалдым", - деді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Сондай-ақ, Қожахметов елде дағдарыс болып жатқанда бір телеарнаның жабылып, басқа екі телеарнаның ашылғанын әлі күнге дейін түсінбейтінін жасырған жоқ. Тіпті экономикалық жағдайды ескеріп, арнаның ашылуына қарсы екенін де ашық білдірді.
"Экономиканың құлдырауынан "Тамаша" арнасы жабылып жатыр деген ойға келдім, содан біраз уақыт өткен соң екі телеарна ашылатыны айтылды. Елде ақша жоқ болса, телеарна жабылып жатса, қалай жаңа телеарна ашылады деп ойладым. Ол сұраққа әлі жауап таппадым. Қазақтың ұлы тұлғасының есімін пайдаланып, есімі беріліп құрылған кез келген нәрсеге қарсы емеспін. Бірақ қазіргі уақытта телеарна ашылғаны қаншалықты керек?", - дейді Қожахметов.
Ал өзінің денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болуы өмірдегі ұстанымына байланысты қабылданған шешім екенін алға тартты.
"Министр Цой немесе ертең басқа кісі болуы мүмкін, әңгіме ол жайлы емес. Жалпы медицина саласы туралы болып отыр. Медицина саласындағы мамандар бұған дейін жақсы жұмыс істемесе, мен өліп қалатын едім. Дәрігерлер мені үш рет аман алып қалды. Соларға деген азаматтық-адами борышымды өтеуге бардым. Неге мемлекет пен қоғамның арасында қарым-қатынас, байланыс төмендеп кетті? Екеуін қосып тұратын көпір бұзылды ма, осыған жауап беру үшін бардым", - дейді ол.
Бұл мақсатына алдағы алты ай ішінде қол жеткізетініне сенімді. Қожахметов ресми өкіл ретінде министрлікте ақысыз жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
"Нұр-Сұлтан қаласында маған үй жалдап алатын қаражат пен сол жерде таксимен жүретін қаражатты министрліктің бір компаниялары өтеп береді", - деді ол.
Айтуынша, Қазақстанда денсаулық сақтау саласына басқа мемлекеттермен салыстырғанда ақша аз бөлінеді. Сол себепті коронавирус пандемиясы кезінде бұл салаға қомақты қаржы бөлінді. Ал оған дейін жүйе дайын болмаған, жеткілікті деңгейде қаражат салынбаған.
"Қазір қаражаттың бәрі бөлініп жатыр. Жағдай қиындаған кезде медицина саласына көңіл бөлу керек екенін түсінді", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1872778-bagdat-kozahmetov-densaulyk-saktau-ministrliginde-tegin-zmys-istejmin/