Мемлекет басшысы қазақстандық бітімгерлердің кәсібилігіне жоғары баға берді
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы Тілендиев кентінде Қазақстан Қарулы Күштері тарихындағы алғашқы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу аяқталды, оның белсенді кезеңін ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бақылады.
Бітімгершілік даярлықтың оқу орталығында өткен оқу-жаттығуға мыңға жуық әскери қызметші, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, бітімгершілік даярлық және минасыздандыру орталығының жүзден астам жауынгерлік және арнайы техникасы жұмылдырылды.
Білім алушылар он тәулік ішінде БҰҰ қамқорлығымен бітімгершілік операцияларына қатысу негіздерін зерделеп, іс жүзінде соғысушы тараптарды татуластыру жөніндегі іс-қимылдарды пысықтады.
Оқу-жаттығудың белсенді кезеңі ізгілік жүгі бар лекке ілесіп жүруді ұйымдастыру кезінде бітімгершілік контингентінің тәжірибелік іс-қимылдарын қамтыды.
Жоспарға сәйкес, бітімгершілік күштерінің жауапкершілік аймағында қылмыстық және лаңкестік бағыттағы деструктивті күштер өзен арқылы өтетін көпірді қиратып, жерді қазып, барымтаға алып, су айдау станциясына нұқсан келтіріп, ауаға улы заттарды лақтырды. Бұдан бөлек, тосқауыл бекеттерді және дағдарыс ауданына бара жатқан гуманитарлық жүк көлігінің легіне шабуыл ұйымдастырылды. Осылайша, қазақстандық бітімгерлер тап болған немесе болуы мүмкін жағдайларға әрекет жасады.
Бітімгершілік контингенті дағдарысты шешу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастырды. Бейбіт тұрғындарға дауыс зорайтқыш байланыс және ауадан сырғу арқылы құқықтық тәртіпті сақтау туралы хабарланды. Жағдайдың бақылаудан шығуына жол бермеу мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, қоршау қойылды. Сонымен қатар үздіксіз бақылау ұйымдастырылды.
Техникалық құралдар мен арнайы үйретілген иттердің көмегімен елді мекенді инженерлік барлау және минасыздандыру жүргізілді. Улы заттарды анықтау және бейтараптандыру ұйымдастырылып, санитарлық өңдеу жүргізілді. Сондай-ақ зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Көмекке мұқтаж адамдар автокөлікпен және санитарлық тікұшақпен эвакуацияланды.
Жедел әрекет ету тобы мен әуедегі ұшақ арнайы күштер ғимаратқа шабуыл жасап, онда жасырынған қарсыластарды кепілдікке алынды.
ТММ-3 ауыр механикаландырылған көпір жиынтығын пайдалана отырып, өзен арқылы өткел салынып, көлік құралдарының одан әрі қозғалысы реттелді.
Осылайша, қазақстандық бітімгерлер қойылған міндеттерді шебер орындап, деструктивті күштер өкілдерін бейтараптандырды, шартты соғысушы тараптардың қақтығысына жол бермей халық арасында ықтимал құрбандардың алдын алды және бейбіт тұрғындар үшін гуманитарлық жүгі бар лектің өтуін қамтамасыз етті.
2019 жылы ҚР ҚК қазақстандық бітімгершілік контингентін даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұйымдық-штаттық іс-шаралар өткізілгенін атап өткен жөн. Әскери қызметшілердің тілдік, теориялық және тәжірибелік даярлығын біріктіретін бітімгершілік дайындық орталығы құрылды. Онда бітімгерлерді бірыңғай циклде оқытуға және бітімгершілік саласында БҰҰ сертификатталған мамандарды даярлауға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Алматы облысындағы Тілендиев кентінде оқу орталығын құру әлемнің әр түкпірінде соғысушы тараптарды татуластыру жөніндегі міндеттерді орындау барысында бітімгерлерде туындауы мүмкін міндеттерді іс жүзінде пысықтауға мүмкіндік берді.
Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бақылады.
Оқу-жаттығуды қорытындылай келе, ол әскери қызметшілердің алдында сөз сөйледі. Жоғарғы Бас Қолбасшы бітімгершілік қызметтің маңыздылығын атап өтіп, оқу-жаттығудың ұйымдастырылуына және қазақстандық бітімгерлердің іс-қимылдарына жоғары баға берді.
Президент 2007 жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет ететін алғашқы қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту үшін жасалған маңызды қадам.
"Қазіргі уақытта өз жауапкершілік аймағының бақылау-өткізу бекеттеріндегі әскери міндеттерін қазақстандық бітімгерлер ротасының төртінші құрамы атқаруда. БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісін кеңейту үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қызметкерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелерін ұсынды. Бұл бөлімшелер қазіргі бітімгершілік операцияларында барынша сұранысқа ие", – деді Президент.
Жоғарғы Бас қолбасшы бітімгершілік даярлық оқу орталығы мұндай мамандарды жоғары деңгейде дайындайтынына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қызметкерлердің көрсеткен кәсіби біліктілігін атап өтіп, қазақстандық бітімгерлерге мінсіз жұмыстары үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы бейбіт өмірде үлкен міндеттерді атқарып отырған әскердің айрықша рөліне назар аударды.
"Биыл біз ел болып пандемиямен күресудеміз. Осындай жауапты кезеңде әскери қызметшілер әрқашан алдыңғы шепте болды. Сарбаздар мен офицерлер отандастарының игілігі жолында нағыз әскери ерліктің үлгісін көрсетті. Пандемияға қарсы іс-қимыл шараларына атсалысқан барша әскери қызметкерлерге алғыс білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілерге арнаған сөзінде армияның іргетасы қатаң тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған дара басшылыққа негізделетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бітімгершілік контингенті аясында қызмет ету зор абырой және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Президент БҰҰ құрылған сәттен бері әлем көптеген аймақтық және ұлтаралық қақтығыстардан арылмағанын өкінішпен жеткізді. Ол барлық қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен шешуге үндейтін Қазақстанның дәйекті ұстанымын, халықаралық құқықтың базалық қағидаттарын сақтау қажеттігін айтты.
Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы Күштерді дамытудың перспективаларына арнайы тоқталды.
" «Екі мақсатты көздейтін» компоненттерді дамытуға басымдық беру қажет. Пандемиямен күрес тәжірибесі олардың сұранысқа ие екендерін көрсетті. Атап айтқанда, біз әскери-көлік авиациясын дамытатын боламыз. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныш әскерлері өз міндеттерін орындауға әрқашан дайын болуы тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай әскерлерді заманауи техникамен жабдықтауға басымдық беріліп, бұл жұмысқа отандық кәсіпорындар тартылуы қажет.
Мемлекет басшысы әскерді басқаруда цифрлық технологияларды дамыту қажеттігіне, сондай-ақ, кибер және ақпараттық кеңістіктегі тактика мен әрекеттердің стратегиясын пысықтауға көңіл бөлді.
Жоғарғы Бас Қолбасшы сержанттар мен офицерлерді дұрыс дайындамаған және ынталандырмаған жағдайда қуатты Қарулы Күштер құру мүмкін емес деп есептейді.
"Біздің басты міндеттеріміздің бірі – сержанттық құрамға кәсіби әскери білім беру ісін дамыту. Бұл мәселені шешуде «Жас Ұлан» мектептерінің және Кадет корпусының барлық әлеуетін пайдалану қажет. Қалыптасқан жағдай командирлерге де ерекше талап қояды. Олар бақылаушы органдар тарапынан өткізілетін түрлі шараларға алаңдамай, қажетті бастама мен шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болу керек. Егер әскери қызметшілердің тарапынан құқық бұзушылық деректері анықталса, олар заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ командирлерді жұмыстарынан себепсіз ажыратуға жол берілмейді. Бұл мәселелер құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қарастырылуы керек", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің заманауи әскери инфрақұрылымын және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің логистикалық жүйесін құру қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында армияны және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1878616-memleket-bassysy-kazakstandyk-bitimgerlerdi-ksibiligine-zogary-baga-berdi/