Түркістан облысына Көші-қон қызметінің өкілдері келіп арнайы брифинг өткізді
Жарияланған күні:
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінде КСРО кезінен бері құжат алмаған азаматтарға көмектесу мақсатында арнайы түсіндірме жүргізу үшін брифинг ұйымдастырылды.
Брифингке ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары полиция полковнигі Сейтжанов Сабыржан Жарылқағанұлы, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Дживага Денис, «Сана сезім» үкіметтік емес ұйымының директоры Шахноза Хасанова, заңгер Элина Еникеева және Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Есенғали Бейсебаевтар қатысты.
Брифинг екі тілде жүргізілді. Қатысушылар өздерінің тараптарынан құжаттандырылмаған азаматтарға ҚР-ның азаматы ретінде төлқұжатты рәсімдеуге қажетті мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар ТО ПД-нің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы желі қолданушыларынан түскен сауалдарға жауап берілді.
Жалпы 2020 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы бойынша 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаттардың негізіндегі құжаттармен жүрген 92 және 18 жастан асқан 235 адам Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаттарымен құжаттандырылды.
Сонымен қатар, Республика көлемінде өткізіліп жатқан «Учаске» жедел профилактикалық іс шарасы аясында облыстық полиция қызметкерлерімен құжаты жоқ тұлғалар анықталып, құжат алуына қажетті көмектер көрсетілуде.
Оған қоса полицейлер арнайы мобильдік топ құрып жүріп тұруы қиын қарт кісілерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды ешқайда сандалтпай-ақ тұрғылықты мекенжай бойынша барып, суретке түсіріп, ол адамдарды құжаттарды рәсімдеп, үйлеріне алып барып беру арқылы игі іс шараларды атқаруда.
Осындай жұмыстардың аясында бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде 38 адам Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын анықтайтын құжаттармен құжаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі да жалғаса беретін болады.
Егерде сіздің жақыныңыз, көршіңіз немесе танысыңыз КСРО кезіндегі ескі құжаттармен қалып қойып, әлі де ҚР-ның жеке басын анықтайтын құжатын алмаған болса, міндетті түрде тез арада жақын маңдағы полиция басқарма, бөліміне барып көші-қон қызметкерлерінің көмегін алыңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1879842-trkistan-oblysyna-ksi-kon-kyzmetini-kilderi-kelip-arnajy-brifing-tkizdi/