Дәулет Арғындықов: «Дағдарысқа қарсы шаралар еңбек нарығының күйреуіне жол бермеді»
Жарияланған күні:
Пандемия кезіндегі негізгі қауіптің бірі – жұмыссыздықтың етек алып, бой берместен ушығып кетуі болды. Бірақ, статистикаға жүгінсек, Қазақстанда ахуалдың күрт нашарлауы орын алмады. Соққыны жұмсартуға не септігін тигізді және болашақта сын-қатерлерден қалай сақтануға болалы, бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов NUR.KZ тілшісімен сұхбатында әңгімеледі.
- Сіз Қазақстандағы жұмыссыздық жағдайын қалай бағалайсыз?
- Жағдай оңай емес, оны мойындау керек. Сонымен бірге, қазір өткенге көз тастасақ, еңбек нарығы апаттан аман қалды және келешекте де орасан зардап шекпейміз деген үміт бар.Үшінші тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі, алдын ала мәліметтер бойынша, 5% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Екінші жағынан, тіркелген жұмыссыздық деңгейі елімізде айтарлықтай өсті. Қыркүйек айында ол жұмыс күшіне қатысты 2,5%-ды құрады және бұл соңғы жылдардағы ең жоғары шек. Мәселен, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,8% болған. Еңбек нарығында белгілі бір қиындықтар бар екенін жоққа шығармаумен бірге, біз аталған деректің көбеюін, ең алдымен мемлекет тұрғысынан жұмыссыз деп тану үшін өту керек бірқатар процедуралардың жеңілдеуімен байланыстырамыз.
Тағы бір мәселе, жұмыс іздеушілердің барлығы ұсынылған жалақыға келісе бермейді. Бұл көбіне бәрін бірден қалайтын жастарға қатысты болып отыр. Сондықтан тағы қайталаймын, жағдай оңай емес, бірақ байбалам салатындай ширығып тұрған жоқ.
- Түсіндіріп өтіңізші, бізде кімді сайып келгенде жұмыссыз деп санауға болады?
- Қазақстанда қолданылатын халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес, жұмыссыз деп саналу үшін, біріншіден, расында адамда жұмыс болмау керек. Бұл енді белгілі нәрсе ғой. Сонымен қатар, екіншіден, азамат белсенді ізденіс үстінде болу қажет. Үшіншіден, оған жақын арадағы екі апта ішінде міндетіне кірісіп кетуге дайын болған жөн. Бұдан ұғатынымыз, егер адам осы үш өлшемге сәйкес келмесе, онда ол жұмыссыз деп саналмайды. Статистика тұрғысынан, мысалы, адам кинотеатрда жұмыс істеп жүрген кезде ақысыз демалысқа жіберілсе, жұмыссыз емес деген сөз.
- Елдегі жұмыссыздық деңгейі жыл бойына 4,8-5% күйінде қалып тұр. Бұл дегеніміз, дағдарысқа қарамастан, күрт құлдилау болған жоқ. Бұл қалай?
- Мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі - еңбек нарығында дағдарысқа қарсы күрес жұмыстан қысқарту түрінде емес, көбінесе жұмыс уақытын қысқарту арқылы мүмкін болды. Осымен бірге, пандемияның әсерінен уақытша жұмыссыздар саны артты. Олардың қатарына қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылған ұйымдардың өкілдері жатады. Жалпы олар жұмыс орнынан қол үзбегенмен, іс жүзінде еңбек етуден ажырады.
Біз сондай-ақ экономикалық белсенді емес халық санының едәуір өскенін аңғардық. Көбісі, менің ойымша, үйде пандемия кезінде жұмыс іздемей, жағдайдың оңалғанын күтіп отыруға тырысты. Осылайша, халықтың бір бөлігі жұмыс күші түрінен жұмыссыз қатарына қосылмай, экономикалық белсенді емес санатқа, яғни жұмыс күшінен тыс азаматтар жағына көшті.
Тағы бір маңызды жайт алдыңғы себеп сияқты, біздің елдегі еңбек нарығы дағдарысқа жұмысшылардың санын қысқарту арқылы емес, жалақыны азайту түрінде жауап береді. Бұл ұйымға құнды қызметкерлерді сақтап қалуға және банкроттыққа ұшырамауға мүмкіндік туғызады.
Бұған қоса, бұл тұрғыда оң рөл атқарған көптеген дүниелер бар. Мәселен, ішінара шетелдік дереккөздерге сүйенсек, басқа кезде құлшына еңбек нарығына араласады делінген жастар тобы қысылтаяң сәтте оқуын жалғастыру жөн көрді.
- Жұмыссыздықтың кең етек алып, ахуалдың нашарламауына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың жол картасы қалай әсер етті?
- Дағдарысқа қарсы шаралар кешені, біздің ойымызша, бейнелеп айтқанда, еңбек нарығының шиеленіскенімен, құлдырап кетпеуіне септігін тигізді. Мысалы, қазіргі уақытта 934 мың адамды әртүрлі бағдарламалармен қамтыдық, оның 202 мыңы - Жұмыспен қамтудың жол картасына, 494 мыңы - «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына ілігуде. 411 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Сондықтан, жалғыз Жұмыспен қамтудың жол картасын алғанның өзінде, дағдарысқа қарсы құжат ретінде ол өзін толық ақтады деп санаймын. Мәжілістің соңғы пленарлық отырыстарының бірінде келесі жылы Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруды жалғастыру туралы ұсыныс айтылды және біз оны толықтай қолдаймыз. Себебі пандемияға қатысты жағдайдың қалай өрбіп жатқанын көріп отырмыз. Биыл бәрі аяқталып, жағдай жақсарады деп қуануға әлі ерте.
- Сіздің ойыңызша, жұмыссыздықтың қазіргі деңгейін қалай ушықтырмай ұстап тұруға болады?
- Ғылымда «әдепкі жұмыссыздық деңгейі» деген тұжырымдама бар. Бұл қағидаттан түйетініміз, жұмыссыздықты түбегейлі жою мүмкін емес. Мүмкін болғанның өзінде, басқа салаларға қиындық туғызады. Өзіңіз жай ғана елестетіп көріңізші - егер еңбек нарығында жұмыссыз жандар болмаса, онда жұмыс берушілер жаңа еңбеккерлерді қайдан табады? Оларды басқа жұмыс берушілерден ауыстырып алу үшін жоғары жалақы ұсыну қажет және ол әрдайым жұмысшының біліктілігіне сай, ақылға қонымды бола бермейтіні анық. Қызметкері кетіп қалған жұмыс берушіге де солай етуге тура келеді. Сөйтіп бүкіл елде баға шарықтап, жұмысшылары жиі алмасатын жұмыс берушілер жіпсіз маталады.
Сондықтан, тиісті деңгейді нашарлатпай, сол күйі дерлік сақтап қалу мүмкін деп есептеймін. Экономиканы қолдауды жалғастыру және шектеу шараларының нақты бағыттарда ғана енгізілуі пайдасын тигізбек. Ал егер көкжиекке тереңірек үңілсек, онда таяу онжылдықтың ортасында, бала туу көрсеткіші күрт көтерілген 2000-шы жылдары дүние есігін ашқан азаматтар еңбек нарығында бой көрсете бастайтынын білеміз. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құруға атсалысуға ерекше назар аударған абзал. Мұнда да мәселе санқырлы. Бұл бір жағынан жақсы инвестициялық ахуал, екіншіден әділ сот жүйесі сүйемелдеген ашық заңнама. Жобаларды іске асыруға кететін уақытты жылдамдату да маңызды. Әңгіменің қорытындысы, күрмеуі күрделі мәселелерді аяқ астынан шеше салуға болмайды, кешенді көзқарас қажет.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1882449-dulet-argyndykov-dagdaryska-karsy-saralar-ebek-narygyny-kjreuine-zol-bermedi/