Ұстаздықтан АҚШ-тың бірінші ханымына дейін: Джилл Байден туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Джилл Байден бұған дейін әлемге АҚШ-тың екінші ханымы ретінде танымал болған, оның күйеуі Джо Байден Обама әкімшілігі кезінде вице-президент болған. Енді ол америкалықтардың есінде АҚШ-тың бірінші ханымы ретінде қалуға және елдің дамуына әсер етуге мүмкіндік алды.
Джилл Байден өзінің "Жарық келетін жерден" атты кітабында ұстаз болу оның борышы екенін сөз еткен. Ол екінші ханым болғаннан кейін колледжде сабақ беруін жалғастырған және күйеуі АҚШ президенті болғаннан кейін де ұстаздық етуден бас тартпауы ғажап емес.
Джил Джейкобс 1951 жылы Нью-Джерсиде дүниеге келген. Ол бес балалы отбасының ең үлкен баласы. Байденмен кездескен кезде Джил колледждегі футболшы Билл Стивенсонмен ажырасып үлгерген болатын.
Vogue журналына берген сұхбатында ол "өзінің ақшасы мен мансабы бар тұлға болуы" керек екенін кішкентай кезінен бастап біліп келгенін алға тартқан. Арманын жүзеге асыру жолында Джилл кемінде төрт ғылыми дәрежеге ие болды.
Алғаш 1975 жылы Делавэр университетінде өнер бакалавры дәрежесін алып, кейін екі магистр дәрежесін иеленген, бірі Вест-Честер университетінде, екіншісі Вилланов университетінде.
55 жасында ол Делавэр университетінде педагогикалық ғылымдар докторы дәрежесін алды. Джо Байден жол апатынан әйелі мен қызынан айырылғаннан кейін үш жыл өткен кезде Джилді жолықтырады. Оларды ағасы таныстырған. Сол кезде Джо сенатор болған, ал Джилл әлі колледжде оқып жүріпті.
Байден оған бес рет үйленуге ұсыныс жасаған. Джилл ұсыныстан бас тартуын Джоның ұлдарын жақсы көретіндігімен және олардың тағы да анасынан айырылуына жол бере алмайтынымен түсіндірген. Ол некенің сәтті болатынына көз жеткізуі керек еді. Джо мен Джил 1977 жылы некелерін қидырды.
Төрт жылдан кейін олардың Эшли есімді қызы дүниеге келеді. 2004 жылы Байден президенттік сайлауда бағын сынауды ойлаған кезде Джилл оған қарсы болды. Байденнің бір топ жақтастары Делавэрдегі үйіне келгенде, ол бикини киіп, денесіне "жоқ" деген сөз жазған күйі бөлмеге бір-ақ кірген екен.
Бірақ Джордж Буш 2004 жылы қайта сайланған кезде оның пікірі өзгереді. Ол Джоға 2008 жылы президенттік сайлауда үміткер болуды ұсынып, күйеуін бүгінгі күнге дейін бұл жолда қолдап келеді.
Байден Обаманың вице-президенті болған күндері Мишель мен Джилл достасып кетті. Олар бірге бірнеше білім беру бастамаларын қолға алған.
"Джилдің керемет бірінші ханым болатындығына күмәнім жоқ. Ол жас қыздарға ғана емес, бәрімізге үлгі бола алады", - деп жазды Мишель Обама Instagram парақшасында.
Джилл Байден бірінші ханым ретінде де жергілікті колледждердегі ақысыз оқу мен қатерлі ісік ауруларын зерттеуді және әскери отбасыларға қолдау көрсетуді қаржыландыру мәселесін көтеру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1894819-stazdyktan-aks-ty-birinsi-hanymyna-dejin-dzill-bajden-turaly-ne-bilemiz/