Көрпеге оралған бума ақша: Алматы облысының бас мұғалімін қалай тінтіген
Жарияланған күні:
Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Диас Нүсіп брифинг кезінде өңірлік білім басқармасының басшысы Майгүл Омароваға және басқа да тұлғаларға қатысты іс туралы айтты. Сонымен бірге ұстау сәтінен кадрлар көрсетілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Диас Нүсіптің сөзінше, 1 ақпанда Алматы облысы білім басқармасының басшысына, ведомствоның бас маманы мен облыстық білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар ғылыми-практикалық орталығының басшысына қатысты пара алу және беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"4 ақпанда Талдықорғанның мамандандырылған тергеу соты басқарма басшысы мен мемлекеттік коммуналдық мекеме жетекшісіне қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Білім басқармасының бас маманына қатысты үй қамауында ұстау таңдалды", - дейді Диас Нүсіп.
Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сол себепті тергеу мүддесіне сәйкес басқа деректер жариялануға жатпайды.
Сонымен бірге брифинг кезінде шенеуніктердің әшкере болған сәтінен кадрлар жарияланды.
Видеода сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің жерден пакет пен көрпеге оралған түйіншек тауып алғаны көрсетіледі. Ал түйіншектің ішінде бірнеше бума ақша болған.
Одан бөлек күдіктілердің бірі ұсталған кезде жерге пакетті тастай салған, оның ішінде де ақша болыпты.
Еске сала кетсек, сот Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарованы екі ай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1898460-korpege-oralgan-buma-aqsa-almaty-oblysy-bilim-basqarmasynyn-bassysyn-qalai-tintigen/