Әшімбаев: Ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес
Жарияланған күні:
Елордадағы Ұлттық Академиялық кітапханада сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен "Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас" тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті деп хабарлайды парламент сенатының сайты.
Іс-шара барысында отандық және шетелдік белгілі ғалымдар қазақ даласындағы ашаршылықтың зардабы, себебі мен салдары туралы пікір білдіріп, осы бағыттағы мәселелерді кеңінен талқылады.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, оған ғылыми тұрғыдан қараудың маңызды екенін айтты.
"Ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал", – деді сенат төрағасы.
Сондай-ақ, ол объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толық қамту керектігін және сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қателіктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеу қажеттігін тілге тиек етті.
"Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар. Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары. Ашаршылық – Кеңес Одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы ашаршылық Кеңес үкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болғанын, тек тәуелсіздіктің арқасында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздағы ақтаңдақтар мемлекеттік деңгейде көтеріле бастағанын айтты. Сондай нақты жұмыстардың нәтижесінде 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгені белгілі, деді ол.
"Биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл толып отыр. Алапат нәубеттің 30-жылдардағы екінші кезеңіне де 90 жылдың жүзі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында осы тақырыпқа тоқталып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керектігін айтқан болатын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесінде мемлекет тарапынан бұл мәселеге басымдық берілуі өте орынды", – деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1899382-asimbaev-asarsylyq-tek-qazaq-xalqynyn-gana-basyna-tusken-naubet-emes/