"Халық көп жағдайда бейхабар": Дана Нұржігіт тұрғындарға заңды қарапайым тілде түсіндіруді ұсынды
Жарияланған күні:
Сенат депутаты Дана Нұржігіт халыққа заңды қарапайым тілде түсіндіру және тарату мәселесін күшейту қажет екенін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сенаттың жалпы отырысында Дана Нұржігіт елде қабылданған заңдар қарапайым халыққа түсіндірілмейтінін және жеткізілмейтінін атап өтті.
"Өңірлерге іссапар барысында байқағаным – халық қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар. Яғни парламентте қабылданған заң өңірлерге, халыққа жеткізілмейді. Кездесуде азаматтардың көбісінің сұрағы алып-қашпа әңгімелерге негізделген. Сол себепті халыққа заңды ашық, қарапайым тілде түсіндіре алу және оны барынша тарату мәселесін күшейту қажет", - дейді ол.
Айтуынша, осының салдарынан әлеуметтік желдегі блогерлер, тәуелсіз сарапшылар, заңды өз пайым-түсінігі шеңберінде талдап, талқылап жүр.
Ал тиісті мемлекеттік органның түсіндірмесі кешігіп барып, қоғам қызу талқылағаннан кейін ғана ресми түрде таратыла бастайды. Яғни халық пен билік арасындағы медиа коммуникация проблемасы бар.
Дана Нұржігіт әділет министрінен осы мәселе қалай шешілетінін сұрады.
Марат Бекетаевтың айтуынша, енді әрбір заң жобасы мен қабылданған заң ақпараттық түсіндіру бағдарламасымен сүйемелденеді.
"Заңды түсіндіру және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасының орындалуын әділет министрлігі мен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қадағлайды. Мұндай бағдарлама заң жобасының нормаларын азаматтарға түсіндіруге бағытталған іс-шараларды көздейді. Бұл шаралар жаңа құқықтар мен міндеттерді халыққа түсінікті тілде жеткізуді қамтамасыз етеді", - деді министр.
Мәселен, заң жобасы әзірленген кезде әзірлеуші органдар ашық қоғамдық талқылау өткізеді, БАҚ-қа брифинг береді. Ал заң қабылданған соң, әзірлеуші органдар практикалық нұсқаулар беріп, арнайы бейнероликтер жасайды және интернетке орналастырады, басқа да тәсілдерді қолдануы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1899621-xalyq-kop-zagdaida-beixabar-dana-nurzigit-turgyndarga-zandy-qarapaiym-tilde-tusindirudi-usyndy/